Республикалық автожолды жөндеу кезінде 191 млн теңге артық жұмсалмақ болған

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Республикалық тас жолды жөндеу кезінде 191 млн теңге артық жұмсалмақ болған
Республикалық тас жолды жөндеу кезінде 191 млн теңге артық жұмсалмақ болған / Фото: shutterstock

Жамбыл көлік прокуратурасы Күйік асуындағы республикалық тас жол учаскесін жөндеу кезінде құрылыс материалдарының бағасы негізсіз қымбаттатылғанын анықтады. Тексеру нәтижесінде мемлекет қазынасына 191,3 млн теңге қайтарылды.

Бас прокуратураның мәліметінше, тексеру «Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» автожолының Күйік асуындағы бөлігіне жүргізілген.

Талдау барысында жол жамылғысын нығайтуға арналған геотордың нақты нормативтік бағасы шаршы метріне 2 579 теңге бола тұра, жобалық-сметалық құжаттамаға 3 544 теңгеден енгізілгені белгілі болды.

Бағаны осылайша қолдан өсірудің салдарынан жөндеу жұмыстарының жалпы құны 185,9 млн теңгеге қымбаттап кеткен.

Прокуратураның араласуынан кейін қосылған құн салығын (ҚҚС) есепке алғанда 191,3 млн теңге бюджетке кері өндірілді. Қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстарының заңдылығы мен сапасы прокуратураның тұрақты бақылауында.

Бұған дейін Алматыда Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мемлекеттік сараптамадан өтпеген жоба үшін 202 млн теңге төлеген.

Сондай-ақ оқыңыз