Қостанай облысында ауыл ішінде қасқыр адамға шапты

Қостанай облысындағы ауылда қасқыр адамға шабуыл жасады, оқиға Жангелдин ауданының Ақкөл ауылында болған.
Halyqstan ақпаратына қарағанда, зардап шеккен азамат ата-анасына қонаққа келген. Кешкі уақытта таныстарына бару үшін көшеге шыққан ол жолдың жарықтандырылмаған тұсында қасқырмен бетпе-бет кездесіп қалған.
Жыртқыш ер адамның қолынан тістеп алған. Есеңгіреп қалған ол жергілікті үйлердің маңындағы шамдарға қарай жүгірген. Қасқыр тісін босатпастан, жәбірленушінің қолына жабысып тұрып алған. Айқай-шуды естіп жүгіріп шыққан көршілердің бірі жыртқышты аңшы мылтығымен атып өлтірген.
Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылып, дәрігерлер үсті-басы қан-жоса болған, денесінде жыртылған жарақаттары бар азаматты Жангелдин аудандық ауруханасының стационарына жеткізді.
Ақкөлде түрлі жабайы аңдармен кездесіп қалу – таңсық жағдай емес. Олар ауылға азық іздеп келеді, әсіресе мұндай жағдай қыс мезгілінде жиі қайталанады екен.
Айта кететін жайт, аулауға болатын аңдардың тізімінде қасқыр кіріп отыр. Жаңа тізім 2027 жылғы 16 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі.