«Орал – Маңғыстау» пойызының вагондары жаңартылды

«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Орал – Маңғыстау» жолаушылар пойызының құрамын отандық RWS Wagon зауытында шығарылған жаңа вагондармен толықтырды.
Жаңартылған құрамға барлығы 7 вагон кіреді. Оның бесеуі – купе, екеуі – плацкарт вагондары. Пойыз 280 жолаушыға арналған.
Вагондар жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге қажетті жабдықтармен қамтылған. Кондиционер, мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған USB қосқыштары мен электр розеткалары орнатылған. Сондай-ақ заманауи жарықтандыру жүйесі қарастырылған.
Сондай-ақ, бүгін, 23 қарашадан бастап «Нұрлы жол – Атырау» пойызы жаңа Stadler вагондарымен қатынайды. Отандық вагондар қолданыстағы стандартты вагондардың орнына шығарылады. Пойыз құрамында тоғыз вагон болады. Купе вагондары 40, плацкарт вагондары 56 жолаушыға арналған.