Қазақстандық әуе компаниялары Үндістанға жаңа рейстер ашуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қазақстандық әуе компаниялары Үндістанға жаңа рейстер ашуы мүмкін / Фото: Shutterstock

ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі 7-ші Дүниежүзілік конференциясы аясында Қазақстан көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Үндістанның Азаматтық авиация министрлігінің хатшысы Самир Кумар Синха кездесу өткізді. Бұл туралы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Келіссөз барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, халықаралық әуе қатынасын кеңейту және авиациялық ведомстволар арасындағы байланысты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Үндістан арасында аптасына 18 рейс орындалады:

  • Алматы – Дели: аптасына 12 рейс (оның 7-еуін Air Astana орындайды);
  • Алматы – Мумбай: аптасына 3 рейс (оның 2-еуін Air Astana орындайды);
  • Алматы – Гоа: аптасына 2 рейс (SCAT және FlyArystan);
  • Астана – Гоа: аптасына 1 рейс (SCAT).

Отандық әуе тасымалдаушылар Үндістанның Хайдарабад және Ахмедабад қалаларына рейстер ашуға қызығушылық танытып отыр. Үндістан тарапы Хайдарабад бағыты бойынша әуе қатынасын кеңейтуге алдын ала дайын екенін растады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада әуе қатынасы мәселелері жөнінде арнайы келіссөздер жүргізуге уағдаласты.

Айта кетейік, осыған дейін Сингапурден Астана мен Алматыға тікелей рейстер ашылуы мүмкін екенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз