Иранда хиджабсыз ән айтқан әншіге 74 рет дүре соғылды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: @PARASTOOAHMADII Youtube арнасынан

Иранда 29 жастағы әнші Парасту Ахмадиге және музыкалық топтың төрт мүшесіне 74 дүре соғылды. Әнші хиджабсыз өнер көрсетіп, концертін YouTube желісінде тікелей эфирде көрсеткендіктен осындай жаза тағайындалды деп жазады Euronews.

Жаза 23 қарашада Кум қаласының прокуратурасында орындалған. Одан бөлек сот әнші мен музыканттарға екі жыл бойы шығармашылық және музыкалық қызметпен айналысуға, сондай-ақ елден шығуға тыйым салды.

Мәселенің мән-жайы

2024 жылғы 11 желтоқсанда Парасту Ахмади музыканттармен бірге тарихи Дейр-Гачин керуен-сарайында концерт өткізген. Кеште көрермендер болмады, бірақ концерттің өзі YouTube-те тікелей эфирде көрсетілді. Әнші сахнаға хиджабсыз шыққан және иығы мен қолдары ашық болған. Видео жарияланғаннан кейін полиция әншіні және екі музыкантты ұстады. Дегенмен олар бірнеше күннен соң кепілмен босатылды.

Бұл іс бойынша концерттік топтың тоғыз мүшесіне айып тағылды. Сот оларды интернетте әдепсіз мазмұндағы материал тарату арқылы қоғамдық мораль талаптарын бұзды деп таныған. 2026 жылғы қыркүйекте апелляциялық сот алғашқы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Ал концерт өткен керуен-сарай жабылды. Қарашада сот үкімі орындалды.

Иранда ән айтуға тыйым бар ма?

Иранда әйелдер ер адамдардың алдында жеке ән айтуына тыйым салынған. Ал сахнаға шыққан жағдайда хиджаб киюі керек. Хиджаб кию талабын бұзған әйелдерге айыппұл салынуы, түрмеге қамалуы немесе тән жазасы қолданылуы мүмкін.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы 2026 жылғы маусымда Иран билігін әнші мен музыканттарға шығарылған үкімнің күшін жоюға шақырған. Ұйым өкілдері тән жазасын халықаралық азаптауға тыйым салу талаптарын бұзу деп бағалады.

Оқи отырыңыз:

Сондай-ақ оқыңыз