Бектенов мемлекеттік қызметшілерге ақпаратты тек Aitu арқылы жіберуді міндеттеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
 Фото: shutterstock

Премьер-министр Олжас Бектенов ұлттық Aitu мессенджерін енгізу жұмысын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тым баяу жүріп жатыр.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, қазір Aitu мессенджерінде шамамен 7 млн пайдаланушы тіркелген. Күн сайын оны 350 мыңға жуық адам қолданады.

«Aitu-ды пайдаланған кезде мобильді интернет үшін ақы алынбайды. Платформада eGov GPT қызметі де қолжетімді. Жыл соңына дейін Aitu арқылы 55 мемлекеттік қызмет алуға болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін eGov жүйесіндегі қызметтердің 75–80%-ын мессенджерге қосуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» компаниясы күнделікті жұмысында Aitu Workspace платформасын пайдаланады», – деді министр.

Алайда Олжас Бектенов мессенджерді енгізу жұмысы баяу жүріп жатқанын атап өтті. Ол мемлекеттік қызметшілер Aitu-ды күнделікті пайдалануы керектігін айтып, қызметтік ақпаратты тек ұлттық мессенджер арқылы жіберуді тапсырды.

«Бұл жұмысты жандандыру керек. Aitu – жай ғана мессенджер емес. Біз оның негізінде ұлттық экожүйе қалыптастырып, осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер Aitu-ды күнделікті пайдалануы тиіс. Қызметтік ақпарат тек ұлттық мессенджер арқылы жіберілуі керек. Бұл мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырамын», – деді үкімет басшысы.

Тағы да оқыңыз: Қазақстанда мобильді интернет тарифі әлемдік орташа бағадан үш есе арзан – министр

Сондай-ақ оқыңыз