Мобильді байланыс тарифтері қаншаға қымбаттайды

Жарияланды
мобильді байланыс
2027 жылдан бастап мобильді тарифтер қаншаға қымбаттайды/ kursiv.media архиві

Қазақстандағы мобильді операторлар тариф құнын қайта қарауды жоспарлап отыр. 2027 жылы Beeline тарифтерді орта есеппен 10%-ға, Kcell 10-12%-ға көтеруді көздесе, «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясы жекелеген тарифтер бойынша бағаны 10-15%-ға өзгертуі мүмкін. Бұл туралы оператор өкілдері үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.

«Қар-Тел» ЖШС бас атқарушы директоры Джаббор Каюмовтың айтуынша, Beeline тарифтерінің қымбаттауы инфляция деңгейінен аспайды. Баға барлық абонент үшін бір уақытта өзгермейді, тарифтер кезең-кезеңімен қайта қаралады.

«Кез келген отбасы немесе абонент үшін шығынның өсуі сезімтал мәселе екенін жақсы түсінеміз. Дегенмен телекоммуникация саласы көп капиталды қажет етеді. Операторлардың соңғы жылдардағы күрделі шығындары табысының орта есеппен 20%-ына жетеді. Желіні дамыту үшін жабдықтарды шамамен әр бес жыл сайын жаңартып отыру қажет», – деді Джаббор Каюмов.

Оның сөзінше, Beeline тарифтерін орта есеппен 10%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл өзгеріс абоненттерге кезең-кезеңімен енгізіледі. Бір абоненттің тарифі жылына бір рет қана қымбаттайды.

Ал «Кселл» АҚ басқарма төрағасы әрі бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин компания да тарифтерді түзететінін айтты. Оның мәліметінше, соңғы төрт жылда компанияға 468 млрд теңге инвестиция салынған. Үш жыл бұрын желіде 5 мың базалық станса болса, қазір олардың саны 11 мыңға жуықтаған.

«Біз де инвестициялық белсенділігімізге байланысты тариф құнын өзгертеміз. Электр энергиясының бағасы, жабдықтарға жұмсалатын шығындар да өсіп жатыр. Сондықтан тарифтік жоспарлардың құнын нарықтағы жағдайға қарай түзетуге тура келеді. Орта есеппен өсім 10-12% шегінде болады», – деді Асқар Жамбакин.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда 4G желісіне 5 мыңға жуық, 5G желісіне шамамен 3 мың базалық станса орнатылған. Қазір Қазақстан халқының 95%-ға жуығы 4G, ал 64%-ы 5G желісімен қамтылған. Бір базалық стансаны жабдықтарымен бірге орнату кемінде 30 млн теңге тұрады.

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС басқарма төрағасы Александр Бабичев те тарифтер өзгеруі мүмкін екенін растады. Оның айтуынша, 2027 жылы жекелеген тарифтік жоспарлардың бағасы 10%-дан 15%-ға дейін көтерілуі мүмкін.

Бабичев тарифтердің өзгеруін мобильді интернетті тұтыну көлемінің артуымен байланыстырды. Соңғы жылдары бір абонентке шаққандағы интернет тұтыну төрт есе өскен. Ал бір гигабайт мобильді интернеттің орташа құны соңғы төрт жылда доллармен есептегенде 40%-ға төмендеген.

«Мобильді интернетті тұтыну көлемі бағаның өсу қарқынынан жылдам артып келеді. Соның нәтижесінде бір гигабайт интернеттің орташа құны төмендеп жатыр. Сонымен қатар елдегі мобильді байланыс тарифтерінің ұзақ мерзімді өсу қарқыны жаппай тұтыну тауарлары бағасының инфляциясынан төмен», – деді Александр Бабичев.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда мобильді интернет тарифі әлемдік орташа бағадан үш есе арзан – министр

Сондай-ақ оқыңыз