Байланыс операторларына интернет сапасы үшін 7 млрд теңге айыппұл салынды

Қазақстандағы байланыс операторларына интернет сапасына қатысты заңбұзушылықтар үшін жалпы 7 млрд теңге айыппұл салынды. Бұл қаражат республикалық бюджетке түскен. Алайда Жаслан Мәдиев айыппұлдың нақты қай операторларға салынғанын атаған жоқ.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Үкіметтегі брифингте барлық байланыс операторына бірдей талап қойылатынын айтты.
«Біз мұндай заңбұзушылықтарға көз жұма қарамаймыз. Операторларға қатысты жеке-жеке қазір айтпаймын. Бірақ ерекше қарайтын операторларымыз жоқ. Заң бәріне ортақ, барлығын тексереміз, заңбұзушылық анықталса, айыппұл саламыз», – деді министр.
213 учаскеде интернет сапасы әлі жақсармаған
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, елдегі интернет жылдамдығы мен қолжетімділігіне қатысты жалпы жағдай жаман емес. Дегенмен байланыс сапасы төмен учаскелердегі мәселені шешу қиын болып отыр.
Министрдің сөзінше, кейбір «ақ дақтар» 2025 жылдан бері жойылмаған. Егер операторлар белгіленген мерзімде анықталған кемшіліктерді түзетпесе, оларға айыппұл салынады.
«2025 жылдан бері мәселесі шешілмеген аймақтар мен «ақ дақтар» бар. Егер операторлар заңбұзушылық анықталғаннан кейін берілген мерзімде мәселені түзетпесе, онда біз айыппұл салуға мәжбүр боламыз. Бірақ бұл – жекелеген учаскелердегі нақты жағдайлар», – деді ол.
2024–2025 жылдары ел бойынша 1 052 «ақ дақ» анықталған. Оның 213-індегі мәселе әлі шешілмеген.
Министр әкімдіктер байланыс нысандарын салуға жер бөліп, оларды электр желісіне қосуға көмектесуі керектігін атап өтті. Бұл жұмыстардың уақытылы орындалуы интернет сапасы төмен учаскелердегі мәселені шешуге ықпал етеді.
Тағы да оқыңыз: 300-ге жуық жерде мобильді байланыс сапасы нашар