«Қаржыландыруды өздері табуы керек»: Мәдиев Qajet стартабы туралы пікір білдірді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: gov.kz

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер ЖИ министрі Мәдиевтен отандық Qajet сервисі, оған мемлекеттік қолдау көрсету жайлы сұрады. Ведомство басшысы көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді.

«Qajet – ол қазақстандық стартап. Оларға қаржыландыру жағынан көмек көрсетпейміз. Олар өздері нарықтан жеке инвестор тартуы керек. Біз картография және серверлік күш-қуат жағынан көмек көрсетеміз. Бірақ тек Qajet сервисі ғана емес, басқа да осындай отандық стартаптарға көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Жаслан Мәдиев.

Мәдиев отандық стартапты «өте маңызды жоба» деп бағалады. Оның дерегінше, қазір сервистің 500 мыңнан астам қолданушысы бар, 50 мыңнан астам жүргізуші тіркелді.

Бұған дейін отандық цифрлық карталар мен навигациялық сервистер Qajet такси шақыру платформасына енгізілетінін жазған едік. Жоба аясында отандық карталарды сервиске енгізу, мекенжайларды іздеу, геокодтау және маршруттарды құру мүмкіндіктерін дамыту жоспарланған.

Qajet – отандық такси сервисі. Қазанда Yandex дата-орталықтарына дрондар шабуыл жасап, Yandex.Go сервисі қолжетімсіз болып қалғанда, отандық стартап өзін белсенді жарнамалап үлгерді.

Сондай-ақ оқыңыз