Өнімнің сапасын тексеретін ұйымдарды аккредиттеу тәртібі өзгеруі мүмкін

Жарияланды
Өнімді тексеретін ұйымдарға жаңа талаптар енгіщзілмек/ kursiv.media архиві

Қазақстанда зертханалар, сертификаттау және инспекция органдары сияқты сәйкестікті бағалау ұйымдарын аккредиттеу тәртібіне өзгерістер енгізу ұсынылды. Жаңа талаптар олардың құжаттарын тексеру, орналасқан жеріне бару және жалған мәлімет ұсынған жағдайда қолданылатын шараларды қамтиды.

Сауда және интеграция министрлігі әзірлеген бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталына жарияланады. 

Аккредиттеу – ұйымның өнімді сынақтан өткізуге, оның сапасы мен қауіпсіздігін тексеруге немесе белгілі бір стандарттарға сәйкестігін растауға құзыретті екенін ресми түрде тану рәсімі.

Жобаға сәйкес, аккредиттеуге өтініш берген ұйымдардың нақты мекенжайы мен нысанды иелену негіздері туралы мәліметтер нақтыланады. Сонымен қатар мамандар ұйымның орналасқан жеріне барып тексеру жүргізген кезде фото және бейнетіркеу тәртібі белгіленеді. Бұл ретте мемлекеттік құпиялар мен режимдік нысандарды қорғау талаптары ескеріледі.

Бұдан бөлек, аккредиттеудің кез келген кезеңінде ұйымның жалған ақпарат ұсынғаны, маңызды мәліметтерді жасырғаны немесе алдау әрекетіне барғаны анықталса, оның өтінімін қабылдамау, бағалау процесін тоқтату және келісімшартты бұзу құқығын бекіту ұсынылған.

Сондай-ақ аккредиттеу субъектілерінің міндеттері, есеп айырысу тәртібі, цифрлық жүйе және қағаз құжаттар арқылы ресми ақпарат алмасу талаптары мен шартты біржақты бұзу негіздері нақтыланады.

Тағы да оқыңыз: Желтоқсаннан бастап қандай тауарларды сатуға бақылау күшейеді

Сондай-ақ оқыңыз