Астанада жаңа LRT желісінің құрылысы үшін Есіл өзеніне бөгет салынып жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Астанада жаңа LRT желісі үшін Есіл өзеніне бөгет салынып жатыр
Астанада жаңа LRT желісі үшін Есіл өзеніне бөгет салынып жатыр / Фото: Астана әкімдігі

Астанадағы «Тұлпар» көпірінің маңында LRT-ның жаңа көпірін салуға дайындық жұмыстары басталды. Құрылыс техникасы жұмыс істеу үшін Есіл өзенінің арнасында уақытша топырақ бөгет тұрғызылып жатыр.

Әлеуметтік желі қолданушылары елорданың оң жағалауындағы «Тұлпар» көпірі маңында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының видеосын жариялады. Кадрлардан жұмыстардың тікелей өзен арнасында жүргізіліп жатқанын көруге болады. Астаналықтар мұны LRT-ның жаңа желісінің құрылысымен байланыстырып отыр.

CTS компаниясы жұмыстар Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің екінші кезегін салу аясында жүргізіліп жатқанын растады. Компания дерегінше, құрылыс өзен арнасын түбегейлі өзгерту үшін емес, тек құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін қажет.

«Бөгет өзен арнасын жабуды көздемейді. Есілдің ағысы сақталады, су қалыпты режимде өте береді. Жұмыстар жобалық шешімдер мен қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтай отырып жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады CTS өкілдері.

Дегенмен CTS уақытша бөгетті тұрғызу қанша уақыт алатынын, көпір құрылысының нақты қашан басталатынын және учаскедегі жұмыстар қай мерзімде аяқталатынын нақтыламады.

Айта кетейік, жаңа көпірдің құрылысы Астанадағы LRT желісін кеңейтумен байланысты. Жобаның екінші кезегі үш бағытты қамтиды: Қосшы қаласына, «Жағалау» шағын ауданына және оң жағалаудағы «Астана-1» теміржол вокзалына қарай. Барлығы 20 жаңа станция салу жоспарланған.

Бұған дейін елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Қосшы бағытындағы Tarlan Astana желісінің екінші кезеңі қарқынды салынып жатқанын хабарлаған еді. Қозғалысты 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз