Қырғызстанда 21 жасқа толмағандарға несие беруді шектеу ұсынылды

Қырғызстан парламентінің (Жогорку Кенеш) депутаты Ұланбек Жаанбаев 21 жасқа толмаған азаматтарға несие беруге шектеу енгізу мәселесін талқылауды ұсынды, деп жазады 24.kg.
Депутаттың пікірінше, жастар бір мезетте бірнеше банк пен микроқаржы ұйымдарынан шағын несиелер алып, артынша қарыз батпағына батады.
Депутат мысал ретінде 600 мың сом (шамамен 3,5 млн теңгеден астам) қарызға батқан студенттің жағдайын келтірді. Ол мобильді қосымшалар арқылы бес-алты ұйымнан бірден шағын несиелер рәсімдеген.
Жаанбаев жастарға несие беру кезінде ата-анасының келісімін немесе кепілгерлігін міндеттеу тетігін қарастыруға болатынын айтты. Дегенмен, халық қалаулысы бұл шектеу ең алдымен тұтынушылық қарыздарға қатысты екенін, ал бизнес пен өндірісті дамытуға берілетін несиелерге кедергі болмауы керектігін баса айтты.
Айта кетейік, осыған дейін Қырғызстанда жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында жақын арада «Студенттік кредит» атты ұзақ мерзімді қаржылық тетік іске қосылатыны жазған едік.