Жетісу облысының алты ауданын газбен қамтуға 37,4 млрд теңге бөлінді

Жетісу облысының алты ауданында – Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарында газ құбырлары мен газ тарату желілерін салуға 37,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Газбен қамту жобасы шамамен 100-ге жуық елді мекенді қамтиды. Жаңа желілердің жалпы ұзындығы шамамен 3,3 мың шақырымды құрайды. Нәтижесінде 183 мыңнан астам тұрғын газбен қамтамасыз етіледі.
Қаржыландыру екі негізгі бағыт бойынша бөлінді. Біріншісі елді мекендерді «Талдықорған Үшарал» магистральдық газ құбырына қосу болса, екіншісі – жалпы ұзындығы шамамен 576 шақырымды құрайтын өтпелі нысандардың құрылысын аяқтау.
84 ауылды «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырына қосуға 27 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Магистральдық газ құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталған. Қазіргі уақытта үш ауданның 133,9 мың тұрғынын газбен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 2,7 мың шақырым болатын газ тарату желілерін тарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісімшарттар жасалып жатыр.
Жұмыстарды 2026 жылдың соңында бастап, 2028 жылы толық аяқтау жоспарланған.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы шамамен 576 шақырым болатын 16 өтпелі нысанның құрылысын аяқтауға 10,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Нысандарды 2026 жылдың соңына дейін толық пайдалануға беру көзделген. Нәтижесінде 49,4 мың тұрғын газбен қамтамасыз етіледі.
Жаңа газ құбырларын салу – облысты газбен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі. «Жетісу облысын 2030 жылға дейінгі перспективада кешенді газбен қамту» өңірлік схемасына сәйкес 356 елді мекеннің 210-ын газбен қамту көзделген.
Жалпы, Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы газбен қамту деңгейі – 64,2% (2025 жылы – 62,4%), 13,1 млн адам табиғи газға қол жеткізді. Биыл жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 64,5%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін газбен жабдықтау жобаларын жүзеге асыру есебінен 2035 жылға қарай елдегі газбен қамту деңгейі 80%-ға жетуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Тоқаев өңірлердің 80%-ын газбен жабдықтауды тапсырды