«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының топ-менеджерлері ұсталды

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясының топ-менеджерлері ұсталды. Отандық БАҚ-та тараған ақпаратты ҰҚК растады.
ҰҚК баспасөз қызметінің хабарлауынша, компанияның басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен басқа да күдіктілер 23 қарашада ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Ведомство қалған күдіктілердің аты-жөні мен олардың нақты санын жариялаған жоқ.
«Олар «Самұрық-Қазына» компаниясының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдіктеледі. ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ҰҚК.
Тергеу аса ірі мөлшерде пара беру фактісі бойынша жүргізілуде.
Топ-менеджерлер ұсталғаны туралы хабар шыққан тұста «Қазатомөнеркәсіп» басқарма құрамында кадрлық өзгерістер болды
2026 жылғы 24 қарашадағы директорлар кеңесінің шешімімен ұлттық атом компаниясының басқарма құрамындағы екі мүшенің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Олар – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин және өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков.
Компанияның басқарма төрағасы – Мейіржан Юсупов. Бұған дейін компания сайтында басқарма құрамында алты адам бар еді, қазір ақпаратты жаңартып, Владислав Байгужин мен Қуаныш Омарбеков жайлы мәліметті өшіріп тастаған.
Қазатомөнеркәсіп – Қазақстанның ұлттық атом компаниясы, уран өндіру және оны экспорттаумен айналысатын әлемдегі ірі компаниялардың бірі. Ұлттық компанияның 62,99% акциясын «Самұрық-Қазына» қоры, 12,01% үлесін ҚР Қаржы министрлігі иеленсе, қалған 25%-ы еркін айналымда жүр.
Қор мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы
12 қарашада ҰҚК қызметкерлері «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповпен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстағаны белгілі.
Артынша әлеуметтік желілерде Астанадағы Қонаев көшесіндегі Atlant тұрғын үй кешенінің жанында доллар шашылған видеолар тарады. Тұрғындар ақша 12-қабаттан түскенін айтса, бір куәгер ақша салынған сегіз сөмке көргенін жеткізген.
Бірақ ҰҚК бұл оқиғаның ұсталған басшыларға қатысын ресми түрде растаған жоқ.
Ал 18 қарашада ҰҚК Жақыпов пен Отыншиевтің 12 қарашада уақытша ұстау изоляторына қамалып, 14 қарашада тергеу соты санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады