Дәрігерлер рентген мен МРТ нәтижелерін бірыңғай жүйеден көре алады

Жарияланды 25 Қараша 2026 11:41

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media

Енді дәрігерлер рентген, компьютерлік томография және МРТ нәтижелерін бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы қарап, өзара бөлісуі мүмкін. Бұл науқастардың бір тексеруден қайта-қайта өтуін азайтып, өңірлердегі дәрігерлерге республикалық медициналық орталық мамандарынан қашықтан кеңес алуға мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң жобасына енгізілген. Құрылтай депутаттары құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев таныстырды. Оның айтуынша, өзгерістер медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, медициналық қызметтерді дамытуға және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

«Қазір еліміздің медициналық ұйымдарында түрлі ақпараттық жүйелер жұмыс істейді. Ендігі міндет – олардың өзара байланысын қамтамасыз етіп, медициналық ақпарат алмасуды жеңілдету», – деді Тимур Сұлтанғазиев.

Осы мақсатта денсаулық сақтау саласындағы электрондық платформаның жұмыс тәртібін нақтылау ұсынылған. Бірыңғай жүйеде рентген, компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография нәтижелерін сақтау, оларды дәрігерлер арасында алмасу мүмкіндігі қарастырылған.

Мысалы, аудандық ауруханада тексерілген науқастың нәтижелерін Астана немесе Алматыдағы республикалық орталық дәрігерлері қашықтан көре алады. Сонымен қатар азаматтардың медициналық деректерін қорғау талаптары жетілдірілмек.

Медициналық зерттеулерге рұқсат алу жеңілдейді

Заң жобасында биомедициналық зерттеулерге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе құру да көзделген. Онда жүргізіліп жатқан зерттеулер, зерттеу орталықтары мен мамандар туралы мәліметтер жинақталады.

Сондай-ақ зерттеу жүргізуге рұқсат алу тәртібін жеңілдетіп, олардың өткізілуін бақылау мүмкіндігін кеңейту ұсынылған.

«Нәтижесінде елімізде қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген жаңа диагностика және емдеу әдістерін енгізуге қолайлы жағдай жасалады», – деді вице-министр.

Медициналық туризмді дамыту көзделген

Құжатта медициналық туризмді дамытуға қатысты нормалар да бар. Атап айтқанда, заңнамаға «медициналық туризм» ұғымын енгізіп, Қазақстанға емделуге келетін шетел азаматтарына медициналық қызмет көрсету және оларды сүйемелдеу тәртібін реттеу ұсынылады.

Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазір елімізде күрделі операциялар жасалып, жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. Отандық медицинаның мүмкіндіктері шетел азаматтарының да қызығушылығын тудырып отыр.

«Бұл отандық медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қосымша инвестиция тартуға жағдай жасайды», – деп түсіндірді ол.

Бұдан бөлек, медициналық бұйымдарды өндіру, елге әкелу және қолдану талаптарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жоспарланған. Оларды тексеру кезінде адам денсаулығына төнетін қауіп деңгейі де ескеріледі.

Сондай-ақ оқыңыз