Швейцария Гүлнара Каримовадан тәркіленген 252,5 млн долларды Өзбекстанға қайтарады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: shutterstock

Өзбекстан мен Швейцария бұрынғы президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі активтердің тағы бір бөлігін қайтару туралы келісімге қол қойды. 252,5 млн доллар сомасындағы қаражат Ташкентке жіберіледі. Бұл туралы Өзбекстанның Экономика және қаржы министрлігі хабарлады.

Қайтарылған ақша «Ишонч-2030» (Сенім-2030) траст қорына аударылады. Қорды Өзбекстан, Швейцария және БҰҰ бірлесіп құрған. Қаражат халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және адам капиталын дамытуға арналған бағдарламаларға жұмсалады. Оларды іске асыруға БҰҰ мен Дүниежүзілік банк те қатысады.

Каримоваға қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген активтерді қайтару үшін Өзбекстан мен Швейцария 2022 жылы тамызда арнайы келісімге келген. Сол келісім аясында 2024 жылы 131 млн доллар қайтарылды. 2025 жылғы сәуірде тараптар 95 млн долларға жуық қаражатты қайтаруға келіскен. Жалпы үш жыл ішінде Каримовға тиесілі қаражаттың 303 млн доллары Өзбекстан қазынасына түсті.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримованың жалпы активтерінің құны 1,4 млрд долларға бағаланған. Олар Франция, АҚШ, Латвия және басқа мемлекеттерде тәркіленген. 2022 жылы Өзбекстанның әділет министрінің орынбасары Музраф Икрамов бұл қаражатқа 1 400 мектеп салуға болатынын айтқан.

Гүлнара қазір Өзбекстанның Зәңгіата ауданындағы әйелдер колониясында отыр. Президент қызы 2014 жылы қамауға алынған. Оның жазасы 2028 жылғы желтоқсанда аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз