АҚШ-та шығарылған Toyota Camry Жапонияда сатыла бастамақ

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: global.toyota

2026 жылғы 23 желтоқсаннан бастап АҚШ-та құрастырылған Toyota Camry Жапонияда қайта сатыла бастайды.

Toyota ақпаратына қарағанда, бұл модельдің сатылымы 2023 жылдың желтоқсанында тоқтатылған болатын.

2026 жылғы маусымда өткен Super Taikyu жарысы аясында Toyota компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Акио Тойода (Моризо) Жапонияда Camry жанкүйерлері көп болғанымен, көлік ел ішінде енді өндірілмейтінін атап өткен еді.

Жаһандық нарыққа арналған модель

Оның айтуынша, АҚШ-та шығарылған Camry-ді Жапония нарығына қайтару – екі ел арасындағы сауда теңгерімін жақсартудың және кедендік тарифтер мәселесін қайта қарауға ықпал етудің бір жолы.

Жапонияда сатылатын жаңа Camry АҚШ-тың Кентукки штатындағы Toyota зауытында құрастырылған. Көлікте жапондық жүргізушілерге ыңғайлы оң руль, оң жақтағы бұрылыс көрсеткішінің қосқышы және жапон тіліндегі мультимедиа жүйесі қарастырылған.

АҚШ пен Жапония арасындағы 2025 жылғы келісімге сәйкес, АҚШ-та өндіріліп, сол елдің қауіпсіздік талаптарынан өткен көліктер Жапонияда қосымша сынақсыз қабылдануы мүмкін. Алайда Toyota Camry бұл жеңілдетілген тәртіпті пайдаланбай, Жапонияның Көлік министрлігінен қайта сертификаттаудан өтеді.

Camry-дің жапондық қауіпсіздік талаптарына сай келуіне оның бастапқыдан-ақ жаһандық нарыққа арналған модель ретінде жасалуы мүмкіндік берген. Ал оны Жапонияға қайта әкелудің басты себептерінің бірі, жастар арасында седандарға деген қызығушылықтың артуы.

Жаңа Camry-дің ерекшеліктері

Жапонияға ұсынылатын көлік – Camry-дің 11-буыны. Оның сыртқы келбеті заманауи балға пішінін еске түсіретін дизайнмен ерекшеленеді. Алдыңғы бөлігі төмен орналасқан, бамперінің пішіні спорттық көліктерге ұқсайды.

Өлшемдері:

Ұзындығы — 4920 мм;

Ені — 1840 мм;

Биіктігі — 1450 мм.

Көлемі жағынан Toyota Crown кроссоверіне жақын. Соған қарамастан, Жапониядағы көптеген автотұрақтарға еркін сыяды.

Camry тарихы

Camry атауы жапонның «канмури» (тәж) сөзінен шыққан. Модельдің тарихы 1980 жылы Celica Camry атауымен басталды. Кейін Celica атауы алынып, көлік алдыңғы жетекті Camry ретінде шығарылды.

1982 жылы АҚШ нарығына шыққаннан кейін Camry америкалықтардың ең танымал жеңіл көліктерінің біріне айналды. 2002–2016 жылдар аралығында 15 жыл қатарынан АҚШ-та ең көп сатылған жеңіл автокөлік атанды. Ал 2013 жылы Америкадағы жалпы сатылымы 10 миллион данаға жетті.

Camry автоспортта да өзін танытты.

Спорттық дизайн мен тюнинг

2025 жылы Лас-Вегаста өткен әлемдегі ең ірі автомобиль бөлшектері мен аксессуарлары көрмесі SEMA SHOW-да Camry GT-S Concept таныстырылды.

Toyota Motor North America компаниясының дизайн жөніндегі жетекшісі Кевин Хантердің айтуынша, көліктің алдыңғы, бүйір және артқы бөліктеріне ерекше мән беріліп, Camry-дің спорттық седандар арасындағы өзіндік келбетін айқындау көзделген.

Camry-ге деген қызығушылық тек АҚШ-та ғана емес, Жапонияда да байқалады. Super Taikyu жарысы аясында «Солтүстік Америкалық Camry тюнинг сайысы» ұйымдастырылып, жапондық әуесқойлардың да көлікті түрлендіруге деген қызығушылығы көрсетілді.

АҚШ-та жастар арасында Camry-дің танымалдығы артып келеді. Бұрын америкалықтар көбіне жол талғамайтын көліктерді таңдаса, қазір жастар седандарды сәнді әрі тартымды көлік ретінде қабылдай бастаған. Бұған олардың ата-аналарының жол талғамайтын көліктерді көп пайдалануы да әсер еткен болуы мүмкін.

Toyota компаниясы АҚШ-та шығарылған 11-буындағы Camry-ді Жапония нарығына «Made in USA, Made by TOYOTA» ұранымен қайта ұсынып отыр.

Айта кететін жайт, Toyota Land Cruiser FJ, RAV4, Crown Estate модельдерін жаңартқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз