Қарағандыда қариямен жанжалдасқан автобус жүргізушісі қамауға алынды

Қарағандыда қарт жолаушымен болған дау-дамайдан кейін қоғам назарына іліккен № 145 бағыттағы автобус жүргізушісі 10 тәулікке қамауға алынды. Ол «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде қоғамдық көлік жүргізушісінің қарт кісінің заттарын автобустан сыртқа шығарып тастаған сәті түсірілген видео тараған. Жазба авторларының айтуынша, зейнеткерді жүгінің көптігіне байланысты көліктен түсіріп кеткен, ал кейінірек автобус жерге шашылған көкөністер мен жемістерді басып өткен.
Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып, іске полиция араласты. Жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін сақтамағаны үшін жүргізушіге 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданып, ер адам уақытша ұстау бөлмесіне қамалған еді.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі жүргізушінің қамауға алынғанын растады. Оның құқық бұзушылық жасаған кінәсі толық дәлелденген.
Қарағандыдағы № 5 автобус паркі қызметкердің алдағы тағдырына қатысты түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетілді. Тексеріс аяқталған соң тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады автопарк өкілдері.
Айта кетейік, жүргізушінің өзі кінәсін мойындамаған. Ол зейнеткерді автобустан қуып шықпағанын, тек жүгі тым үлкен болғандықтан тасымалдаудан бас тартып, заттарын сыртқа шығаруға көмектескенін алға тартқан.