Путинмен кездескен Тоқаев ресейлік компанияларға қолдау білдіретінін мәлімдеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің жоғары технологиялық компанияларының еліміздегі қызметіне көңілі толатынын және оларға барынша қолдау көрсететінін айтты. Бұл туралы ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуде мәлімдеді.
«Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз», – деді ол.
Путин Қазақстанға сапары үшін Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің тауар айналымы 30 млрд долларға жақындаған, ал ұлттық валютамен есеп айырысу үлесі 90%-дан асқан.
«Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Отыз миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз», – деді Владимир Путин.
Қытайға сапар
Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің Қытайға жасаған сапары мен Шэньчжэнь қаласында Қытай, АҚШ және Ресей басшылары қатысқан үшжақты кездесу қорытындысына тоқталды. Ол Владимир Путинді сапарының табысты болуымен құттықтап, Ресейдің халықаралық аренадағы рөлін жоғары бағалады.
«Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым», – деді Тоқаев..
Бұдан бөлек кездесуде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
25-26 қарашада Тоқаев жұмыс сапарымен Ресейде жүр. Ол Путиннің арнайы шақыруымен барды. Сапар аясында мемлекет басшысы AI Journey 2026 халықаралық конференциясының жұмысына қатысуы керек.