Мысырда жанармай таситын көлік жарылып, 30 адам құрбан болды

Мысырда Каир қаласының айналма жолында бензин таситын көлік аударылып, арты өртке ұласқан. Соның салдарынан шамамен 31 адам қаза тауып, тағы 21 адам жарақат алған. Мысыр билігіне сілтеме жасаған Associated Press осылай жазады.
Оқиға 25 қарашада Гиза провинциясының Эль-Варрак ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, мұнай өнімдерін тасымалдаған жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, бетон қоршауға соғылады. Соққыдан көлік аударылып өртенеді. Жалын жақын маңдағы көліктерді де шарпыған.
Өрт салдарынан оннан астам көлік пен мотоцикл жанып кеткен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жеткен. Құтқару жұмыстарына 39 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылған.
Қазір ел прокуратурасы марқұмдардың кім екенін анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі қаза тапқандар саны әлі де нақтыланып жатқанын ескертті.
Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.