119 құқық бұзушылық: түнде көше кезіп жүрген балаларды полиция ұстап жатыр

Жамбыл облысында түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдерге қатысты рейд жүргізіліп жатыр. Тексеру барысында 12 жастағы баланың теміржолдан жылқы өткізбек болғаны да анықталған. «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде полиция 114 баланы бөлімшеге жеткізіп, 119 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді.
Іс-шара аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда, саябақтар мен ойын-сауық мекемелерінде рейд жүргізуде. Негізгі назар түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға, буллинг пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуға аударылған.
Алғашқы тәулікте анықталған 119 әкімшілік құқық бұзушылықтың:
- 78-і жасөспірімдердің түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруіне қатысты;
- 5-еуі кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық орындарында болуына байланысты тіркелген.
Сонымен қатар екі жасөспірім балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Тағы 10 бала мен бір қолайсыз отбасы профилактикалық есепке алынды.
Рейд барысында балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайлар да анықталған. Мәселен, Қордай ауданында 12 жастағы жасөспірім бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан, теміржол арқылы жылқы өткізбек болған.
Тағы бір жағдайда екі жасөспірім ата-аналарын алдап, түнде қалалық саябаққа серуендеуге шыққан. Екі оқиға бойынша да балалардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімдер жиі қандай құқық бұзушылықтарға барады
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар тек түнгі уақытта көшеде жүрумен шектелмейді. Олардың қатарында ұсақ ұрлық, бұзақылық, төбелес, қоғамдық тәртіпті бұзу, бопсалау және өзге де заңға қайшы әрекеттер бар. Сондай-ақ соңғы жылдары буллинг пен интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар да балалардың қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелердің біріне айналды.
Полиция ата-аналарға балалардың бос уақытын бақылап, олардың түнде ересектердің еріп жүруінсіз көшеде жүруіне жол бермеу қажеттігін ескертті.