Қытай ҚазҰУ базасында энергетикалық зерттеу орталығын құрады

Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Тараптар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында бірлескен зерттеу орталығын құру, электр желілерін дамыту және энергия сақтау жүйелерін енгізу мәселелерін талқылады.
Бұл туралы Қытайға жұмыс сапарымен барған Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен China Energy Engineering Group (Energy China) корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Ни Чжэнь арасындағы келіссөзде айтылды.
Атап айтқанда, ҚазҰУ базасында зерттеу орталығын құру бастамасы қолдау тапты. Орталықта Energy China институттарының тәжірибесін пайдаланып, ірі инженерлік жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, энергетикалық жүйені цифрландыру және салалық деректер базасын қалыптастыру көзделген.
Сондай-ақ тараптар сутегі энергетикасын дамыту мәселесін талқылады. Қазір ҚазҰУ базасында Қазақстандағы алғашқы сутегі өндіру қондырғысы іске қосылған.
Келіссөзде «Екібастұз – Балқаш» бағыты бойынша қуаты 2 ГВт тұрақты ток электр беру желісін салу жобасына да назар аударылды. Қазақстан тарапы бұл жоба бойынша қажетті есептеулер жүргізіп, техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеген.
«Energy China компаниясымен әріптестігіміз жаңа деңгейге көтеріліп, бірлескен ғылыми жұмысқа, инженерлік тәжірибе алмасуға және электр желілерін кешенді жоспарлауға бағытталып отыр. ҚазҰУ базасында зерттеу орталығын құру, тұрақты ток технологиялары мен энергия сақтау жүйелерін дамыту Қазақстанның энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға ықпал етеді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Energy China мәліметінше, Түркістан облысындағы қуаты 300 МВт «Сауран» күн электр станциясын желіге қосу мерзімінен бұрын, яғни 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған.
Ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобасы бойынша инвестициялық келісімнің жекелеген талаптары келісіліп жатыр. Бұл құрылыс кезеңіне жедел көшуге мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Қытайдан 82 мың көлік келді. Қазақстан тағы қай елдерден көлік алды