Илон Маск компаниясы ми импланттарын сынауға рұқсат алды

Илон Маск негізін қалаған Neuralink компаниясы адам миына орнатылатын нейроимпланттарды клиникалық сынаудың жаңа кезеңіне өтуге рұқсат алды. Зерттеу ауыр сал ауруына шалдыққан науқастарға арналған нейрокомпьютерлік интерфейстің қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалауға бағытталған.
Компанияның хабарлауынша, АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) LINK деп аталатын алғашқы негізгі клиникалық зерттеуді бастауға келісім берген. Сынаққа бүйірлік амиотрофиялық склероз салдарынан ауыр сал ауруына шалдыққан адамдар қатысады.
Зерттеу Ұлыбритания, Канада және АҚШ-та жалғасып жатқан алғашқы клиникалық сынақтардың нәтижелеріне негізделеді. Компанияның мәліметінше, имплант орнатылған 30-дан астам қатысушы нейрокомпьютерлік интерфейсті мыңдаған сағат бойы пайдаланған.
Neuralink өкілдері LINK зерттеуіне берілген рұқсат технологияны нарыққа шығаруға жасалған маңызды қадам екенін айтады. Бұл құрылғы ауыр неврологиялық ауруға шалдыққан адамдардың өз бетінше әрекет ету қабілетін қалпына келтіруге және өзгелермен байланыс орнату мүмкіндігін кеңейтуге көмектеспек.
Оқи отырыңыз: Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX акциясын сыйламақ