Тимур Құлыбаевқа тиесілі компания Қызылорда облысындағы кен орнынан газ өндірмек

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Тимур Құлыбаев бақылайтын компания Қызылорда облысындағы жаңа кен орнынан газ өндірмек
Тимур Құлыбаев бақылайтын компания жаңа кен орнынан газ өндірмек / фото: QazaqGaz

Тимур Құлыбаев бақылайтын «Кристалл Менеджмент» компаниясы Қызылорда облысындағы Егізқара кен орнын игеруге кіріспек. Компания 2027–2029 жылдар аралығында бұл учаскеден 18,5 млн текше метрге жуық газ өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы qazba.kz сайтында белгілі болды.

Кен орны қалай игеріледі?

Қоғамдық талқылауға шығарылған құжатқа сәйкес, кен орнын сынамалы пайдалану 2027 жылдың қаңтарында басталып, 2029 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.

Жоба аясында бұрын тоқтап тұрған КМ-6 ұңғымасы қайта іске қосылып, тағы үш жаңа — өндіру (КМ-6-1), бағалау (КМ-6-2) және барлау (Е-1) ұңғымалары бұрғыланады.

Алдын ала болжам бойынша, 2027 жылы – 5,5 млн текше метр, 2028 жылы – 7 млн текше метр, ал 2029 жылы – 6 млн текше метр газ өндірілмек.

Техникалық және экологиялық талаптар

Кен орнында шикі газды өңдейтін зауыт жоқ. Сондықтан өндірілген газ арнайы өлшеу сепараторы арқылы қабат суынан бөлініп алынады. Тазартылған газдың бір бөлігі жергілікті электр станциясының қажетіне жаратылса, қалғаны кезекші алау қондырғысында жағылады. Ал 25 текше метрлік ыдысқа жиналған қабат суы арнайы көліктермен кәдеге жарату пункттеріне тасымалданады.

Компания кімге тиесілі?

«Кристалл Менеджмент» Қызылорда өңірінде бұрыннан жұмыс істейді. Оның иелігінде Ақшабұлақ кен орны (қуаты 87,03 МВт болатын газ турбиналы станциясымен бірге) және Қаракөл, Солтүстік Майбұлақ, Сұлутабан сияқты бірқатар көмірсутек учаскелері бар.

Бұған дейін компания Оңтүстік Жіңішкеқұм кен орнын 2026 жылдың сәуіріне дейін сынамалы пайдаланудан өткізген болатын.

Қаржылық есептілікке сәйкес, 2025 жылы компанияның түсімі 16,5 млрд теңгеге жетіп (2024 жылы — 11,4 млрд теңге), 3,2 млрд теңге таза пайда тапқан (бір жыл бұрын 576 млн теңге шығынға батқан еді).

Компания акцияларының бақылау пакеті — 51%-ы Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Joint Resources» АҚ-ның қолында. Ал қалған үлестер «EuroAsia Construction» ЖШС (24,5%), «Позитив-А» АҚ (15%) және «FCI Management LLP» ЖШС (9,5%) арасында бөлінген.

Сондай-ақ оқыңыз