Қаржы құйылса да, нәтиже мардымсыз: сарапшылар мемлекеттік бағдарламаларға баға берді

Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау бағдарламалары күткен нәтижені бермеді. Ұлттық Банктің сарапшылары кейінгі жылдары іске асырылған бірнеше бағдарламаны зерттеп, осындай тұжырымға келді.
Мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінгенімен, экономика әлі де шикізатқа тәуелді күйінде қалып отыр. Ал өңдеу саласының ел экономикасындағы үлесі мардымсыз.
Қаржы көп, бірақ құрылымдық өзгеріс жоқ
Ұлттық банк жариялаған экономикалық шолу басылымындағы «Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібін дамытуды мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау (2-бөлім)» деген мақаласында сарапшы Аягөз Ханет 2015–2024 жылдары жұмыс істеген бағдарламалардың тиімділігіне талдау жасаған. Олардың қатарында ИИДМБ-2, ИИДМБ-3, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» мен арнайы ұлттық жоба бар.
Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, тек 2010–2019 жылдар аралығында индустриялық бағдарламаларға 5 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Алайда бұл қаражат экономиканы әртараптандырып, шикізаттық емес экспортты тұрақты өсіруге жеткіліксіз болды.
Мемлекеттік қолдау өндіріс көлемінің қағаз жүзіндегі өсімін ғана қамтамасыз етті. Ал саладағы жабдықтардың тозуы жаңғырту қарқынынан бірнеше есе озып тұр. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің бюджетке төлейтін салық үлесі 2020 жылғы 13,6 пайыздан 2024 жылы 10,7 пайызға дейін төмендеп кеткен.
Бағдарламалар неге мақсатына жетпеді?
Сарапшыл зерттеу барысында әрбір бағдарламаның кемшілігін жеке-жеке атап өтті:
- Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (2015–2019): Қаржы жоғары технологиялық жобаларға емес, дәстүрлі салаларға көбірек бөлінді. Нәтижесінде еңбек өнімділігі мен экспорт жоспары орындалмады.
- 2020–2025 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы: Бағдарлама алты жылға жоспарланғанымен, екі жылға жетпей, 2022 жылы тоқтатылды. Сыртқы дағдарыстар мен жеткізу тізбегінің үзілуі кесірінен негізгі межеге қол жетпеді.
- «Бизнестің жол картасы» ( 2020, 2025) мен «Қарапайым заттар экономикасы»: Бөлінген ақша негізінен несие пайызын субсидиялауға кетті. Бірақ бұл көмек жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнестің небәрі 1–2 пайызын ғана қамтыды.
- «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы. Бұрынғы бағдарламалардың қателігін қайталап, көрсеткіштері мен жобалары бір-бірімен қабаттасып кетті. Аралық жоспарлар орындалмаған соң, 2024 жылы бұл жоба да жабылды.
Даму институттары мен арнайы аймақтар үмітті ақтамады
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, мемлекеттік қолдау «Бәйтерек», ҚДБ, «Даму» сияқты квазимемлекеттік ұйымдар арқылы үлестірілді. Бұл тетік жеке капиталды тартудың орнына, бизнесті бюджет ақшасына тәуелді етіп қойды. Банктердің өңдеу өнеркәсібіне беретін несие үлесі 8–11 пайыз деңгейінде қалып кетті.
Ал инвестиция тартуы тиіс арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) көбі толық қуатында жұмыс істемеді. Мемлекет есебінен инфрақұрылым тартылғанымен, ондағы жұмыс істейтін өндіріс орындары аз болған.
Өңірлерді дамытуға құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) да жобаларының ашық болмауы мен басқару үлгісінің жиі өзгеруі салдарынан өңірлік өндірістің қозғаушы күшіне айнала алмады.
Индустриялық саясаттың сәтсіздіке ұшырауына не себеп
Ұлттық Банк сарапшылары индустриялық саясаттың сәтсіздігін бес себеппен түсіндіреді. Ең алдымен, бағдарламаларда нақты есеп болмады: көрсеткіштер инфляцияны ескермей, номиналды түрде белгіленді және нақты іс-шаралармен байланыспаған.
Екіншіден, бір мақсатқа бірнеше бағдарламадан қатар ақша бөлініп, шаралардың қайталануы салдарынан әрқайсысының нақты нәтижесін есептеу қиындады.
Оған қоса, қолдаудың салалық бағыты бұзылып, өндіріске арналған қаржының едәуір бөлігі сауда, көлік, жылжымайтын мүлік және қызмет көрсету салаларына кетіп қалды.
Төртіншіден, мемлекеттік қолдау жеке инвесторларды тартудың орнына, олардың орнын бюджет қаражатымен алмастырып, бизнесті қазына ақшасына тәуелді етті.
Ақырында, сыртқы дағдарыстар мен мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жиі өзгеруі бағдарламалардың орта жолдан үзілуіне әкеліп соққан.
Тығырықтан шығу жолы қандай?
Сарапшылардың пайымдауынша, бұрынғыдай несие пайызын жаппай субсидиялау және айналым қаражатын толықтыру тәжірибесі өз тиімділігін көрсетпеді.
Мемлекеттік қолдау шын мәнінде нәтиже беруі үшін қаржыны қосылған құны жоғары, нақты таңдалған санаулы салаларға ғана шоғырландыру қажет.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге тек ақшалай емес, технология енгізу, маман оқыту және экспортқа шығу сияқты қаржылық емес көмек түрлерін қатар ұсынған жөн.