Енді балаларды түнгі уақытта автобусқа отырғызуға тыйым салынады

27 қарашадан бастап елде автобуспен жолаушы тасымалдау ережелері өзгереді. Енді түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ересектерсіз жүрген балалар автобусқа отырғызылмайды. Көлік министрінің №317 бұйрығында осындай өзгерістер жазылған.
Балаларды түнде автобусқа отырғызбайды
Жаңа ережеге сәйкес, түнгі сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жанында ересектері жоқ, кәмелетке толмаған балалар автобуспен тасымалданбайды. Бұл талап 16 жастан асқан жасөспірімдерге де қатысты. Аталған шектеу «Баланың құқықтары туралы» заңның 36-бабының 5-тармағына сәйкес енгізілген.
7 жастан асқан балаларға қандай құжат керек?
Күндіз халықаралық және облысаралық қалааралық автобустарда 16 жасқа толмаған балалар ата-анасымен немесе заңды өкілімен бірге жүру керек. Алайда 7 мен 16 жас аралығындағы балалар ересектерсіз де жолға шыға алады. Ол үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Келісім түпнұсқа құжат немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы рәсімделуі керек. Баланы автобусты отырғызу кезінде бұл құжатты жүргізушіге немесе тасымалдаушының өкіліне көрсетіледі. Ал 7 жасқа толмаған балаларды халықаралық және облысаралық қалааралық автобустарға ата-анасы немесе заңды өкілінсіз отырғызуға болмайды.
Қала мен ауылда жолақы бес теңгеге дейін дөңгелектенеді
Тағы бір өзгеріс қалаішілік және ауылдық автобус бағыттарындағы жолақыға қатысты. Енді бір қала немесе ауыл ішіндегі барлық бағытта жол жүру құны бірдей болады. Тариф орташа есеппен белгіленіп, бес теңгеге еселік сомаға дейін дөңгелектенеді. Бұл ретте жекелеген жолаушыларға арналған жеңілдіктер сақталады.
Мысалы, есептелген жолақы 177 теңге болса, 175 теңгеге, ал 178 теңге болса, 180 теңгеге дейін дөңгелектенеді.
Автобустарға маршрут нөмірі жазылады
Тағы бір талап кейінірек, бұйрық күшіне енгеннен кейін 60 күн өткен соң қолданыла бастайды. Қалаішілік және қала маңындағы тұрақты автобустардың алдыңғы және артқы жағына маршрут нөмірі жазылған белгі орнатылуы тиіс.
Нөмір ашық сары фонда қара түспен жазылып, әріптердің биіктігі кемінде 120 мм болуы керек. Ал экспресс автобустарда маршрут нөмірінің астына биіктігі кемінде 60 мм болатын қызыл түсті «Экспресс» деген жазу орналастырылады.
Оқи отырыңыз: