СҚО-да еттен қауіпті бактерия табылды: 75 келі өнім жойылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Солтүстік Қазақстан облысында сатуға ұсынылған мұздатылған еттен адам денсаулығына қауіп төндіретін Listeria monocytogenes бактериясы анықталды. Зертханалық тексеруден кейін 75 келі ет арнайы пеште өртеліп жойылды. Қауіпті өнім Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден алынған.

Бұл туралы «Сапалы өнім» жобасы аясында жүргізілген тексеру барысында белгілі болды.

Еттен қандай бактерия анықталды

Тұтыну нарығына жүргізілген мониторинг кезінде мамандар жеке кәсіпкерден мұздатылған еттің сынамасын алып, зертханаға жіберген. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың қорытындысы бойынша, өнім құрамынан Listeria monocytogenes бактериялары табылған.

Листерия адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, ветеринариялық бақылау органдары өнімді айналымнан алып тастау туралы шешім қабылдаған. Комиссия құрамына ветеринариялық бақылау органдарының, ветеринариялық қызметтің өкілдері және өнім иесі кірген. Нәтижесінде 75 келі мұздатылған ет арнайы пеште өртеу арқылы жойылды.

Кәсіпкерлерге ескерту жасалды

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов өнім сапасын бақылау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес екенін атап өтті.

«Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің жүргізген жұмысы заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Алайда кәсіпкерлер де сататын тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі тиіс», – деді ол.

«Сапалы өнім» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Оның мақсаты – тұтыну нарығындағы тауарлардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейтіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Мониторинг жұмысына сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдары, ветеринариялық инспекциялар мен қоғамдық бірлестіктер қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз