Метроның үшінші желісі Алатау станциясынан Алатау қаласына дейін салынады

Алматы метросының үшінші желісі Алатау станциясынан Алатау қаласына дейін солтүстік бағытта ұзартылады. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу 2027 жылғы тамызда аяқталады деп жоспарланып отыр. Содан кейін мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұл туралы Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасына сілтеген Vlast басылымы жазады.
Бұған дейін Алматының бас жоспарына сәйкес, метроның үшінші желісін «Сайран» станциясынан бастап салу ұсынылған еді. Алайда басқарманың редакцияға берген соңғы жауабында бастапқы нүкте ретінде «Алатау» станциясы көрсетілген.
Сондай-ақ «Алатау» станциясында екі метро желісі мен Жароков көшесі бойымен жоспарланып отырған LRT желісін байланыстыратын көлік ауыстырып міну торабы құрылуы мүмкін.
Бастапқы жоба бойынша метроның үшінші желісін екі кезеңмен салу жоспарланған. Бірінші кезеңде Алатау қаласынан «Мизам» базарына дейін, екінші кезеңде базардан «Сайран» станциясына дейін жеткізу көзделген.
Алғашқы учаскеде жеті станция, «Мизам» базарынан «Сайранға» дейінгі аралықта тағы бес станция салу ұсынылған.
Оған дейін сарапшылар үшінші желінің бірінші желімен түйісетін станциясын «Сайраннан» «Алатауға» ауыстыруды ұсынған. Олардың пікірінше, «Алатау» станциясы қаланың орталығына жақынырақ орналасқандықтан, үшінші желі жолаушыларының жол жүру уақытын қысқартып, бірінші желінің «Сайран» – «Алатау» аралығындағы жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: Алматының жаңа Бас жоспары бекітілді, қала 15 жылдан кейін қалай өзгереді