Алматыдағы ЖЭО-да алғашқы газ турбинасы іске қосылды

Алматыдағы екінші ЖЭО-ны жаңғырту аясында бу-газ қондырғысының алғашқы турбинасы іске қосылды. Қалған екі газ турбинасын желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр деп хабарлайды Энергетика министрлігі.
25 қарашада Siemens Energy компаниясы шығарған газ турбинасы сәтті тұтатылды. Ал 30 қарашада станция электр энергиясын желіге бере бастауы тиіс. Жаңғырту аяқталғаннан кейін екінші ЖЭО электр желісіне 557 МВт электр қуатын, ал жылу жүйесіне 957 Гкал жылу энергиясын бере алады.
Жобаның негізгі мақсатының бірі – Алматының экологиялық жағдайын жақсарту. Станция газға толық көшкеннен кейін зиянды заттардың ауаға таралуы жылына 37,1 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін азаяды деп деген болжам бар. Бұл шығарындыларды 90%-дан астам қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар күкірт диоксиді мен көмір күлінің шығарындылары толық жойылуы керек.
Алматыдағы ЖЭО-2-ні көмірден газға көшіру ұзақ уақыттан бері жоспарланған жоба. Биыл тамызда «Самұрық-Энерго» АҚ басқарушы директоры Ғалымбек Әутәліпов ЖЭО-ны жыл соңына қарай толықтай газға көшіреміз деп уәде берген еді.