«Қайратқа» тарихи жеңіс сыйлаған Еркін Тапалов клубпен қоштасты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Фото: видеодан скрин

Қазақстан ұлттық құрамасының футболшысы Еркін Тапалов алматылық «Қайрат» сапындағы соңғы кездесуін өткізді. Футболшы швециялық «Мьельбюге» қарсы матчта гол соғып, командасына Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы жеңісін сыйлады.

26 қарашада Алматының Орталық стадионында өткен кездесуде «Қайрат» швециялық клубты 1:0 есебімен жеңді. Матчтың 14-минутында Марк Гуальдың пасынан кейін Еркін Тапалов кездесудегі жалғыз голды соқты.

Ойын аяқталған соң футболшы командаластарымен бірге жанкүйерлерге алғыс айтып, естелік суретке түсті.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, Еркін Тапалов пен алматылық клуб еңбек шартын ұзартпаған.

Балалар жаттықтырушысынан Чемпиондар лигасына дейін

Оралдық футболшы бірнеше жыл бұрын кәсіби мансабын аяқтап, балалар жаттықтырушысы болған. Алайда кейін үлкен футболға қайта оралып, өз мүмкіндігін тағы бір мәрте сынап көруге шешім қабылдаған.

«Қайрат» сапында екі маусым өткізген Тапалов Чемпиондар лигасында мадридтік «Реал», лондондық «Арсенал» және миландық «Интер» сынды Еуропаның үздік клубтарына қарсы ойнады.

Ал алматылық команда сапындағы соңғы кездесуінде жеңіс голын соғып, «Қайраттағы» мансабын жарқын сәтпен аяқтады.

Әлеуметтік желіде жанкүйерлер футболшыға алғыс айтып, алдағы мансабына сәттілік тілеуде.

Еркін Тапаловтың келесі маусымда қай клубта өнер көрсететіні әзірге белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз