Алтын компаниясын сатып алуы үшін банктер миллиардерге 1 млрд доллар қарыз бермек

Қазақстан билігі отандық банктерге бизнесмен Шахмұрат Мүтәліпке «Алтыналмас» алтын компаниясын сатып алуы үшін 1 млрд доллардан астам несие беруді ұсынған. Бұл туралы Bloomberg өз дереккөзіне сүйеніп хабарлады.
«Алтыналмас» мәмілесі қалай қаржыландырылады?
«Алтыналмасты» сатып алу туралы алдын ала келісім наурыз айында жасалған. Мәміленің жалпы құны шамамен 3 млрд долларға бағаланып отыр. Сол кезде Мүтәліпке тиесілі Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы «Алтыналмас» АҚ-ның 100% акциясын сатып алу туралы келісімшартқа қол қойған.
Қаржының шамамен үштен бірін бірқатар қазақстандық банк беруі мүмкін. Қалған бөлігі басқа көздерден, атап айтқанда Мүтәліп құрылымы жариялаған облигациялар шығару есебінен тартылмақ.
Несие ережелері неге өзгерді?
Bloomberg мәліметінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өткен айда ірі бизнеске несие беру ережелерін жұмсартты. Бұған дейін банктердің өз капиталына шаққанда бір қарыз алушыға белгілі бір мөлшерден артық несие беруіне шектеу болған.
Жаңа талаптар Қазақстанда тау-кен өндірумен айналысатын және кемінде 60 мың қызметкері бар компанияларға несие беруға мүмкіндік береді.
Экономикалық және саяси астар
Bloomberg бұл жағдайды елдегі ықпал мен активтер құрылымының өзгеруімен байланыстырады. Агенттіктің жазуынша, билік Нұрсұлтан Назарбаев кезінде қалыптасқан топтардың орнына жаңа бизнес элитасын қалыптастыруға күш салып отыр.
Шахмұрат Мүтәліп құрылыс саласындағы ірі кәсіпкер ретінде белгілі: оның Integra Construction KZ компаниясы соңғы жылдары мемлекеттік тапсырыстар арқылы тез өсті. Мамыр айында ол Eurasian Resources Group-тың 39,3 пайызын сатып алған.
Жақында Мүтәліпке қатысы бар «Central Asia Resources Holding Ltd» компаниясы «АК Алтыналмас» АҚ акционерлерінің бірі атанды.