Халықтың доллар мен рубльге деген сұранысы төмендеген

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазан айында айырбастау пункттерінде доллар мен рубльге деген сұраныс азайды. Ұлттық банктің есебіне сәйкес, халықтың қолма-қол доллар сатып алу көлемі қыркүйекпен салыстырғанда 38 пайызға қысқарған. Ал рубльді халық айырбастау орындарына көбірек өткізген.

Доллар сатылымы 38 пайызға қысқарды

Қазан айында айырбастау пункттерінің қолма-қол долларды таза сату көлемі (нетто) 63,56 млрд теңгені құрады. Қыркүйек айында бұл көрсеткіш 100,25 млрд теңге болған еді.

Ірі қалалардағы сұраныс айтарлықтай бәсеңдеді:

  • Алматы: 49,66 млрд теңгеден 32,88 млрд теңгеге дейін азайды.
  • Шымкент: 17,38 млрд теңгеден 9,18 млрд теңгеге түсті.
  • Астана: 4,08 млрд теңгеден 2,18 млрд теңгеге дейін қысқарды.

Сонымен қатар кейбір өңірлерде тұрғындар долларды көбірек өткізген. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында таза сатып алу көлемі қыркүйектегі –6,65 млрд теңгеден қазанда –2,88 млрд теңгеге өзгерді. Қазан айында теріс көрсеткіш Алматы (–628 млн теңге) және Абай (–303,5 млн теңге) облыстарында да байқалды.

Халық рубльді өткізіп жатыр

Қыркүйек айында айырбастау пункттері 4,63 млрд теңгеге қолма-қол рубль сатқан болса, қазанда бұл көрсеткіш –2,75 млрд теңгені құрап, қайтадан теріс аймаққа өтті. Бұл халықтың ресейлік валютаны сатып алғаннан гөрі, көбірек өткізгенін білдіреді.

Қазан айында рубльді ең көп өткізген қалалар қатарында Шымкент (–1,94 млрд теңге), Алматы (–1,85 млрд теңге) және Астана (–1,19 млрд теңге) бар.

Ал Қарағанды (+936,3 млн теңге), Шығыс Қазақстан (+870,2 млн теңге) және Батыс Қазақстан (+705,4 млн теңге) облыстарында рубльге сұраныс сақталды.

Басқа шетел валюталарына сұраныс қандай?

Еуроға (EUR) және фунт стерлингке (GBP) деген сұраныс та қыркүйекпен салыстырғанда төмендеп, ал қытай юанін (CNY) сатып алу керісінше артты:

ВалютаҚыркүйек 2026 (млн теңге)Қазан 2026 (млн теңге)
USD (Доллар)100 252,463 562,5
EUR (Еуро)8 665,45 900,0
RUB (Рубль)4 628,4-2 754,2
GBP (Фунт)399,5145,9
CNY (Юань)61,2263,7

Қытай юаніне сұраныс республика бойынша төрт есе астам өсіп, 61,2 млн теңгеден 263,7 млн теңгеге жетті. Бұл өсімге негізінен Алматы (133,4 млн теңге) мен Астана (76,3 млн теңге) қалалары әсер етті

Қазанда банктер биржадан тыс саудада доллар мен рубльді көптеп сатып алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз