Атырауда 45,7 млрд теңгеге салынатын жаңа стадионның жобасы таныстырылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Атырау стадион
Фото: Атырау әкімдігі, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Атырауда 12 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы салынып жатыр. УЕФА-ның IV санатындағы талаптарына сай келетін спорт кешенінде халықаралық деңгейдегі матчтарды өткізуге мүмкіндік болады. Жаңа футбол аренасы Атырау-2 шағынауданындағы 10 гектарға жуық аумақта бой көтереді. Футбол алаңының ұзындығы 105 метр, ені 68 метр болады.

«Ақ Жайық» басылымының мәліметінше, жобаның құны 45,7 млрд теңгені құрайды. Құрылыс республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.

Жаңа стадион қандай болады?

Жобаға сәйкес, стадионның барлық трибунасы шатырмен жабылады. Шатырдың ең биік нүктесі 28 метрге жетеді. Сонымен қатар журналистердің жұмыс істеуіне халықаралық талаптарға сай арнайы орындар қарастырылған. Мүгедектігі бар көрермендерге 200 орын бөлінеді.

Трибуна астында бокс, күрес, йога, велоспорт және тенниспен айналысуға арналған спорт залдары орналасады. Жаңа аренада футбол матчтарынан бөлек, регби және америкалық футбол жарыстарын да өткізуге мүмкіндік болады.

Стадион қашан пайдалануға беріледі?

Жаңа спорт нысанының құрылысы 2026 жылдың наурыз айында басталған. Стадионды 2027 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

УЕФА-ның IV санатындағы талаптарына сай салынатын стадион Атырауда халықаралық футбол матчтарын өткізуге және өңірдің спорт инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

Бұған дейін, Алматыда 45 мың орынға арналған жаңа стадионның құрылысы басталған еді.

Сондай-ақ оқыңыз