Алматының қай көшелерінде жаңа әрі қымбат көліктер көп – Sergek зерттеуі

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Делия Айдаралиева

Алматы көшелерінде Toyota Camry әлі де ең көп кездесетін көлік моделі болғанымен, жаңа автомобильдер арасында Қытай маркалары алға шыққан. 2024–2025 жылдары шығарылған көліктердің 51%-ы Қытай брендтеріне тиесілі. Сонымен қатар электромобильдер мен гибридтер қаладағы барлық көліктің 4,5%-ын құрағанымен, жалпы жүрілген қашықтықтың 7%-ға жуығын қамтамасыз етеді. Мұндай деректерді Sergek ITS сарапшылары жариялады.

Мамандар 2026 жылғы 16–22 қараша аралығында Алматының 18 көшесі мен магистраліндегі көлік қозғалысын зерттеген. Талдау кезінде автомобильдердің маркасы, моделі, шығарылған жылы, тәулігіне жүретін орташа қашықтығы және көшелер бойынша таралу ерекшеліктері ескерілген.

Алматыда қай көліктер жиі кездеседі?

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қала жолдарындағы көліктердің 21,4%-ы Toyota маркасына тиесілі. Одан кейін Hyundai (14,2%), Kia (7,2%), Chevrolet (6%), Nissan (3,8%) және Mercedes-Benz (3,7%) орналасқан. Toyota-ның үлесі Hyundai мен Kia-ның жиынтық көрсеткішіне жуық.

Ал модельдер арасында Toyota Camry көш бастап тұр. Ол зерттеу қамтыған 18 көшенің бәрінде ең жиі кездесетін автомобиль болған. Алматы жолдарындағы шамамен әр он төртінші көлік – осы модель.

Ең көп таралған бес модельдің қатарына мыналар кірген:

  • Toyota Camry – 6,9%;
  • Chevrolet Cobalt – 3,2%;
  • Hyundai Elantra – 2,9%;
  • Hyundai Tucson – 2,7%;
  • Hyundai Accent – 2,3%.

Дегенмен жаңа көліктер арасында жағдай басқаша. 2020 жылға дейін шығарылған автомобильдер арасында Қытай маркаларының үлесі 1%-дан сәл ғана асса, 2024–2025 жылдары шығарылған көліктер арасында бұл көрсеткіш 51%-ға жеткен. Ал Toyota-ның үлесі осы кезеңде 4%-ға да жетпейді.

Жаңа автомобильдер арасында Changan CS модельдері жиі кездеседі. Одан кейін Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson, Hyundai Elantra және Kia Sportage тұр.

Қай көшелерде жаңа және қымбат көліктер көп

Зерттеу Алматы көшелеріндегі көлік құрамының біркелкі емес екенін де көрсеткен. Мәселен, жаңа автомобильдер ең көп кездесетін орын – Достық даңғылы. Мұнда жүрген көліктердің жартысынан астамы 2021 жылы немесе одан кейін шығарылған. Ал Солтүстік айналма жолда әр төртінші көлік дерлік 2005 жылға дейін өндірілген.

Қымбат автомобильдер көбіне Әл-Фараби мен Достық даңғылдарында кездеседі. Зерттеуге алынған көліктердің шамамен әр отызыншысының құны 25 млн теңгеден асады. Мұндай автомобильдердің үлесі Әл-Фараби даңғылында 6,5%, Достық даңғылында 6,3% болған. Ал Саин көшесінің жалғасында бұл көрсеткіш 1,2%-ды құраған.

Құны 80 млн теңгеден басталатын автомобильдердің үлесі жалпы көлік ағынының шамамен 0,25%-ына тең. Яғни әр 400 көліктің біреуі осы санатқа кіреді. Олардың жартысына жуығы – Lexus LX 600 және Mercedes-Benz G 63 AMG.

Көшелердегі көлік құрамына қатысты айырмашылықтар да байқалған. Мысалы, Солтүстік айналма жолда Volvo FH және DAF XF жүк көліктері басқа зерттелген көшелердегі орташа көрсеткіштен бес есеге жуық жиі кездеседі. Ал Құлжа тасжолында 1990 жылдары шығарылған Audi 100, Audi 80, Mitsubishi Galant және Volkswagen Passat модельдері көп ұшырасады.

Әл-Фараби даңғылында Tesla Model Y, Mercedes-Benz G 63 AMG, BMW X7 және Lexus LX 600 жиі кездессе, Достық даңғылында Zeekr 001, Li L9, Range Rover және Porsche Cayenne көліктерінің үлесі жоғары.

Электромобильдер күніне қанша шақырым жүреді

Sergek ITS зерттеуінде электромобильдер мен электр желісінен қуатталатын гибридтердің жүріс қашықтығына да назар аударылған. Бұл санаттағы көліктер жалпы автомобильдердің 4,5%-ын құрағанымен, барлық көлік жүріп өткен қашықтықтың 7%-ға жуығы соларға тиесілі.

Электромобильдер мен гибридтер тәулігіне орта есеппен 59 шақырым жүрсе, қалған автомобильдердің орташа көрсеткіші – 38 шақырым. Яғни электрлі көліктер күніне шамамен 1,5 есе көп жол жүреді.

Мұндай автомобильдер жаңа көліктер арасында да аз емес. 2024–2025 жылдары шығарылған әр алтыншы көлік дерлік осы санатқа жатады. Олардың үлесі Достық даңғылында 10%-ға жуықтаса, Әл-Фараби даңғылында 9%-ды құраған.

BYD Qin EV тәулігіне 150 шақырым жүреді

Зерттеу авторлары тәулігіне ең көп жол жүретін модельдерді де анықтаған. Бұл тізімде Қытай маркалары басым. Мәселен, BYD Qin EV тәулігіне орта есеппен 150 шақырым, ал Hongqi EH7 шамамен 120 шақырым жол жүреді. Салыстыру үшін, Toyota Camry-дің тәуліктік орташа жүрісі – 38 шақырым.

Sergek ITS сарапшылары кейбір модельдердің көп жүруін олардың коммерциялық мақсатта, соның ішінде такси қызметінде пайдаланылуымен байланыстырады. Дегенмен автомобильдің жүріп өткен қашықтығына қарап, оны нақты қандай мақсатта қолданатынын анықтау мүмкін емес.

Сондай-ақ оқыңыз