Satbayev University проректоры ұсталды

Әлеуметтік желіде Satbayev University проректоры Ержан Күлдеевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Алматы прокуратурасы Kazinform агенттігіне проректордың ұсталғанын растады.
«Бас прокуратурасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобы Ержан Күлдеев пен басқа да тұлғаларға қатысты бірқатар сыбайлас жемқорлық әрекетін жасады деген күдік бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», – деп хабарлады Алматы прокуратурасы.
Қылмыстық іске күдіктілер қамауға алынған.
Бұған дейін Қазақстан соты Өзбекстан азаматы, 46 жастағы ғалым Икболжон Корабоевті (Карабаев) 10 жылға бас бостандығынан айырды. Туыстарының сөзінше, профессорға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы, яғни «Шпионаж» бабы бойынша айып тағылған. Бұл бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.