Боқаев 10 жылға сотталды: сот «Нұр Отанның» бұрынғы идеологын кінәлі деп таныды

Жарияланды
«Бокаев был идеологом «Нур Отана», – гособвинитель на прениях
Фото: facebook.com/vadim.boreiko), бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот шешімі

Сот оны 2018 жылы халықаралық автокеруен ұйымдастыруға арналған келісімшарт арқылы 42,2 млн теңгені жымқырды, ал 2025 жылы гранит тақталарды ұрлауды және Баум тоғайындағы 16 ағашты заңсыз кесуді ұйымдастырды деп таныды.

Бұған қоса, сот оның бюджет шығындары туралы жариялаған екі видеосын жалған ақпарат деп бағалады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Бұл туралы Алматы соттарының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот Боқаевты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, ақшаны заңдастыру, ұрлықты ұйымдастыру, ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру және көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп таныды. Жазаларды ішінара қосу арқылы оған 10 жыл түрме жазасы тағайындалды. Сонымен қатар 10 жыл бойы БАҚ, әлеуметтік желі, журналистика, блог жүргізу және жария қызмет салаларында жұмыс істеуге тыйым салынды. Ақшаны заңдастыру эпизоды бойынша қылмыстық жауапкершіліктен ескіру мерзіміне байланысты босатылды. Мемлекеттік айыптаушы Боқаевты 12 жылға соттауды сұраған.

Сот шешімімен Боқаев пен оның жиені Мадияр Қалменов «ҚазТрансГаз» қызметкерлері кәсіподағының пайдасына 42 млн 177 мың 137 теңгені ортақ тәртіппен өтеуге міндеттелді. Қалменовке 6 жыл 6 ай түрме жазасы берілді. Ол да ақшаны заңдастыру эпизоды бойынша ескіру мерзіміне байланысты жауапкершіліктен босатылды. Боқаев пен Қалменов тағылған айыпты мойындамаған, ал қорғаушылары оларды ақтауды сұраған.

86,9 млн теңгелік келісімшарт

2018 жылы Боқаев «ҚазТрансГаз» бас директорының кеңесшісі болған. Сот мәліметінше, ол компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы халықаралық автокеруен өткізуге жалпы сомасы 86,9 млн теңгеге екі келісімшарт жасалуын ұйымдастырған. Оның ішінде 47,9 млн теңгенің келісімшарты Қалменов басқарған «BM Trust» компаниясымен жасалған. Алайда автокеруенді іс жүзінде «We Can» компаниясы ұйымдастырған. Сот нұсқасы бойынша, қызмет құнын негізсіз көтеріп, орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару нәтижесінде 42,2 млн теңге жымқырылған.

Соттың пайымдауынша, қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, ғимараттарды жалға алуға және «Art Romance» брендімен жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған. Жиһаз сатудан түскен табыс шамамен 9,7 млн теңгені құраған. Сот бұл қорытындыға келісімшарттарды, сметаларды, банк үзінділерін, экономикалық сараптама нәтижелерін және куәгерлердің айғақтарын зерделеу арқылы келген.

2025 жылғы қыркүйекте Боқаев видеограф Ұлан Нүсіпқожамен бірге Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту жұмыстары кезінде 1,3 млн теңге тұратын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған деп танылды. Сот нұсқасы бойынша, орындаушылар тақталарды құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізген. Кейін Боқаев Instagram парақшасында видео жариялап, ұрлықты өзі анықтағанын айтқан. Сот оның ұйымдастырушы ретіндегі рөлін орындаушымен жазысқан хаттары мен 2025 жылғы 10 қыркүйектегі әңгімесінің аудиожазбасына сүйеніп анықтаған. Дауыстың Боқаевқа тиесілі екенін сараптама растаған.

Баум тоғайындағы ағаштар заңсыз кесілген

2025 жылғы қазанда Боқаев пен Нүсіпқожа Баум тоғайындағы 21 бен 150 жас аралығындағы 16 ағашты кесуді ұйымдастырған деп танылды. Келтірілген шығын 213 мың теңге болған. Ағаштар кесілгеннен кейін Боқаев пен Нүсіпқожа оқиға орнына барып, видео түсірген. Онда болған жағдайды құрылыс компаниясының қызметімен және аумақты тұрғын үй салуға дайындаумен байланыстырған. Ағаштарды тікелей кескен орындаушылар бұған дейін Түрксіб аудандық сотының үкімімен сотталған.

Бюджет қаражаты жайлы жалған ақпарат таратқан

Сот Боқаевтың бюджет шығындары туралы жариялаған екі видеосын да жалған ақпарат деп бағалады. Бірінші видеода Алматыдағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені айтылған. Алайда конкурс құжаттарында он нысанды жөндеу жоспарланғаны көрсетілген. Екінші видеода «Атакент» көрме кешенінің аумағын қайта жаңартуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат тек көшені жарықтандыруға жұмсалатыны айтылған. Ал жобаға субұрқақ кешендері, инженерлік нысандар, суару жүйелері, көгалдандыру және басқа да жұмыстар кірген.

Қорғаушылар Боқаев бұл мәліметтерді қателесіп таратуы мүмкін екенін айтқан. Алайда сот олардың уәжімен келіспеді. Сот қаулысында: «Бұл мән-жайлар Б.-ның конкурстық құжаттаманың нақты мазмұнынан хабардар болғанын көрсетеді және оның қателесуі мүмкін деген уәждерін жоққа шығарады», – делінген.

Сот Боқаевтың мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарғанын, квазимемлекеттік секторда және «Нұр Отан» партиясында жұмыс істегенін ескерген. Сондай-ақ оның мемлекеттік сатып алу тәртібін жақсы білгенін атап өткен. Телефонынан жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеуге қатысты конкурстық құжаттамамен жазысқан хаттары табылған.

Нүсіпқожа қандай жаза алды

Ал Ұлан Нүсіпқожа кінәсін толық мойындап, өкінген. Сот оған 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, бес жыл бойы осыған ұқсас қызметпен айналысуына тыйым салған. Сондай-ақ пробациялық бақылау орнатып, мәжбүрлі еңбекке тарту туралы шешім шығарған.

Бұдан бөлек, сот екі жеке қаулы қабылдады. Оның бірі Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына жолданған. Онда қорғаушы адвокаттардың кейбірінің жол беруге болмайтын әрекеттеріне баға беріліп, олардың жауапкершілігін қарау ұсынылған. Екінші қаулы «QazaqGaz» компаниясына жіберілді. Сот кәсіподақ арқылы бөлінген қаражаттың аударылуы мен жұмсалуына бақылау жеткіліксіз болғанын атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз