«Қазатомөнеркәсіптің» екі басшысы екі айға қамауға алынды

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
фото: kursiv.media

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры К. Омарбеков пен департаменттің бас менеджері Е. Байқұлов екі айға қамауға алынды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тергеу соты мұндай шешімді 2026 жылғы 26 қарашада қабылдаған.

Қамауға алу туралы шешім тағылған айыптың сипаты мен ауырлығын ескере отырып шығарылған. Сондай-ақ тергеу органдары ықтимал сыбайластар мен куәларға қысым көрсетудің, дәлелдемелер мен қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасырудың алдын алуды көздеген.

Қазір істің мән-жайын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сілтеме жасап, тергеу туралы өзге ақпаратты жария етпейтінін мәлімдеді.

24 қарашада Қазатомөнеркәсіптің директорлар кеңесі өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің басқармадағы өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты. Осы өзгерістерге дейін компанияның басқармасында алты адам болғанын жазғанбыз.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының директорлар кеңесі басқарманың үш мүшесінің қызметтен кетуіне және олардың бірінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар бойынша ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ оқыңыз