Боран соғып, көктайғақ болады: 28 қарашаға ауа райы болжамы

28 қарашада көптеген өңірде ауа райы қолайсыз болады. Ел аумағына солтүстік-батыс циклоны әсер етіп, жаңбыр, қар жауып, көктайғақ болады. Шығыс пен орталық өңірлерде қалың қар жаууы мүмкін.
«Қазгидромет» мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында қатты жел соғады. Кей жерлерде оның екпіні секундына 30 метрден асады. Синоптиктер елдің бірашама өңірінде дауылды ескерту жариялады.
Астанада мезгіл-мезгіл қар жауады. Сондай-ақ бұрқасын соғып, көктайғақ болады. Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жетуі мүмкін.
Алматы мен Шымкентте түнде және таңертең тұман түседі. Алматы облысының таулы аудандарында түнде қар жауып, көктайғақ болуы ықтимал.
Кей өңірлерде қар мен қатты жел тұрады
Қарағанды облысының солтүстігінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында және таулы аудандарында қалың қар жауады.
Абай облысында күндіз желдің екпіні секундына 29 метрге дейін жетеді. Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының кей жерлерінде жел секундына 28 метрге дейін күшейеді.
Павлодарда жаңбыр мен қар жауып, бұрқасын және көктайғақ болады. Петропавлда да қар жауып, бұрқасын соғады. Екі қалада желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Ұлытау облысында қар жауып, бұрқасын мен көктайғақ болатыны болжанып отыр. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 23 метрге дейін күшейеді.
Батыс пен оңтүстікте тұман мен көктайғақ болады
Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде аздаған қар жауып, көктайғақ болады. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін.
Ақтөбе облысының солтүстігі мен шығысында аздаған қар жауып, бұрқасын соғады.
Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарының кей жерлерінде, сондай-ақ Жетісу облысының таулы аудандарында тұман түседі. Атырау, Қонаев, Тараз және Түркістан қалаларында да түнде және таңертең тұман күтіледі.