Алимент төлемеген әке 3,2 млн теңге берешегін өтеуге мәжбүр болды

Жамбыл облысының Талас ауданында прокуратураның араласуынан кейін әкесі алимент бойынша 3,2 млн теңге берешегін толық өтеді. Ол 2023 жылдан бері кәмелетке толмаған баласын асырауға арналған төлемдерді төлемей келген.
Аудан прокуратурасының мәліметінше, борышкердің алимент төлеуге мүмкіндігі болғанымен, қарызын өтеу үшін ешқандай шара қолданбаған. Осыған байланысты оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Тергеу кезінде ер адам кінәсін мойындап, қарызын толық өтеген. Сондай-ақ алдағы уақытта алимент төлеу міндетін тиісінше орындауға уәде берген. Рақымшылық актісінің қолданылуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Бұдан бөлек, прокуратураның бастамасымен алимент төлемеген тағы бір борышкерге қатысты тергеу басталған. Ол да берешегін толық өтеп, жәбірленуші тараппен татуласқаннан кейін іс тоқтатылған.
Сонымен қатар атқарушылық құжаттардың талаптарын орындамаған 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың сегізі әкімшілік қамаққа алынса, қалған алтауына айыппұл салынған.
Оқи отырыңыз: Алимент дауы: қылмыстық істер бойынша берешек 1 млрд теңгеден асты