
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Перудің әйгілі әншісі Ева Айльонмен жүздесті. Кездесу өнерпаздың Лимада өтетін жеке концерті қарсаңында ұйымдастырылды.
Кездесуде қос әнші әңгімелесіп, Ева Айльон Димаштың алдағы концерттеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ перулік әнші қазақстандық өнерпазға өз әндері жазылған, қолтаңбасы бар дискі сыйлап, бойтұмар табыстап, ақ батасын берген.
Ева Айльон Димаштың өнерін көп жылдан бері жоғары бағалап келе жатқан әнші. Олар алғаш рет 2019 жылдың желтоқсанында Нью-Йоркте, қазақстандық әншінің Barclays Center аренасында өткен жеке концерті кезінде кездескен. Сол жолы перулік әнші Димашпен жүздесу үшін өзінің концертін кейінге қалдырған.
Бұған дейін Ева Айльон қазақстандық әншінің шығармашылығымен өміріндегі ауыр кезеңдердің бірінде, анасынан айырылғаннан кейін танысқанын айтқан. Оның сөзінше, Димаштың орындауындағы S.O.S. композициясы жан күйзелісін еңсеріп, музыкадан қайта қуаныш табуына көмектескен.
Арада жеті жылға жуық уақыт өткенде өнерпаздар бұл жолы Ева Айльонның туған жерінде қайта кездесті.
Айта кетейік, 1 желтоқсанда Лимадағы Costa 21 алаңында Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы жеке концерті өтеді.
Оқи отырыңыз: «Димашты сүйме, ауру жұқтырасың»: жанкүйерлер сақтық шараларын күшейтуді талап етті