Заң бұзғандар оқудан шығарылады: полиция жатақханадағы қауіпсіздікті күшейтті

Қазақстанда студенттердің жатақханаларындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Ішкі істер министрлігі оқу орындарындағы зорлық-зомбылық, буллинг, ақша бопсалау және өзге де құқық бұзудың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ІІМ мәліметінше, студенттік жатақханаларға полиция қызметкерлері бекітілген. Олар қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалап, ғимараттарға кіру-шығу тәртібін бақылауға қатысады. Сонымен қатар университеттерде ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.
Оқу жылы басталғалы студенттер арасында 566 құқық бұзудың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 фактісі анықталған.
Жыл басынан бері жастар арасында құқық бұзудың алдын алу мақсатында 207 іс-шара өткізілген. Олардың қатарында студенттермен және оқытушылармен кездесулер, дәрістер мен түсіндіру жұмыстары бар. Сондай-ақ жатақханаларда учаскелік полиция инспекторларының байланыс нөмірлері орналастырылған.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина оқу орындарының басшылығына студенттердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды ескертті. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық деректерін жасыруға немесе жастардың шағымдарын елемеуге болмайды.
Министрлік студенттерді қорқыту, бопсалау немесе зорлық-зомбылық жағдайларына тап болса, дереу полицияға хабарлауға шақырды. Сондай-ақ заң бұзған студенттер де жауапкершілікке тартылатынын, ал өрескел құқық бұзу болған жағдайда оқу орны оларды оқудан шығару мәселесін қарай алатынын еске салды.