Ауғанстанда мектеп маңындағы жарылыстан жеті оқушы қаза тауып, 99 адам жараланды

Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Кунар провинциясында мектеп маңында болған жарылыстан жеті оқушы көз жұмып, тағы 99 адам зардап шекті. Бұл туралы CNN елдің ішкі істер министрлігі өкілі Абдул Матин Каниге сілтеме жасап хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыс тау-кен компанияларына тиесілі жарылғыш заттар сақталған қоймада болған. Оқиға Асадабад уезінің Андарсир ауданында тіркелген.
Қазіргі уақытта билік өкілдері жарылыстың себептерін анықтап жатыр. Тергеу аяқталған соң оқиғаға қатысты қосымша ақпарат жарияланбақ.
Айта кетейік, биыл тамызда Кабулдағы білім беру орталығында да жарылыс болған. ЮНИСЕФ мәліметінше, сол кезде 9 бен 14 жас аралығындағы кемінде 42 бала зардап шеккен.
Тағы да оқыңыз: Пәкістанда мектеп шатыры опырылып, кемінде 28 бала қаза тапты