Қар, боран және көктайғақ: Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жарияланды

Қазгидромет 29 қарашаға Қазақстанның 16 облысында, сондай-ақ Алматы мен Шымкентте дауылды ескерту жариялады. Елдің солтүстік жартысында қар жауып, боран соғады. Оңтүстікте жаңбыр мен қар күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады.
Қай өңірлерде боран соғады?
Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қар жауып, жаяу бұрқасын күтіледі. Абай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының кей бөлігінде қар, боран және көктайғақ болжанды. Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының кей жерінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін.
Жел қай жерде күшейеді?
Жетісу облысының кей бөлігінде желдің екпіні секундына 25 метрге, ал Ақмола облысында түнде 23 метрге дейін жетуі мүмкін. Алматы мен Шымкентте түнде және таңертең тұман күтіледі. Іле Алатауында, Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөлігінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетуі мүмкін.