
Қазақстанда қыз балаларға ең жиі қойылған есім — Айлин, ал ұлдар арасында Алан бірінші орында. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, қаңтар-қазан айларында Айлин есімі 3 866 қызға, Алан есімі 2 427 ұлға қойылған. Kursiv Media бюроның дерегін талдап, қыздар мен ұлдарға жиі қойылған 20 есімді іріктеді.
Қыздар арасында Айлин мен Асылым алда
Қыздарға жиі қойылған есімдер тізімінде Айлиннен кейін Асылым тұр. Бұл есім 3 566 қызға берілген. Екі есімнің айырмасы — 300. Ал үшінші және төртінші орындарда айырма бір ғана балаға тең: Медина есімі 2 454 қызға, Томирис 2 453 қызға қойылған. Алғашқы бестікті Аяла түйіндеді. Бұл есімді 2 022 қыз алған.

Ұлдар арасында Алан айқын алда
Алан есімі екінші орындағы Алиханнан 664 балаға көп қойылған. Алихан есімін 1 763 ұл алған. Одан кейін Алдияр (1 694) мен Хамза (1 683) тұр. Бесінші орындағы Мұхаммед пен алтыншы орындағы Айсұлтанның айырмасы бір ғана бала: бұл есімдер тиісінше 1 635 және 1 634 ұлға қойылған.

Ұлдар тізімінде жазылуы ұқсас есімдер жеке көрсетілген. Мысалы, Мұхаммед есімі 1 635 балаға, Мухаммад 1 460 балаға берілген. Амир есімі 1 511 ұлға, Әмір 890 ұлға қойылған.