Нарық өкілдері «Халықтық IPO-дан» не күтеді?

Жарияланды
Business News бөлімінің аға тілшісі
Қандай компаниялардың акциясы сатылымға шығарылатыны белгісіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел үкіметіне мемлекеттік компанияларды «Халықтық IPO» арқылы жекешелендіруді қайта бастауды тапсырды. Әзірге жаңа бағдарламаның егжей-тегжейі белгісіз, дегенмен «Курсив»  тілдескен нарық өкілдері оптимистік көзқарас танытып отыр. 

Бұл Президенттің соңғы екі жылдағы екінші тапсырмасы. Тоқаев былтыр үкіметтің қаңтар  айындағы кеңейтілген отырысында министрлер кабинетіне жеке тұлғаларды қор нарығы арқылы жекешелендіруге тарту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырған болатын. 
Халықтық IPO тәсілімен қандай компаниялар жекешелендірілетіні әзірге белгісіз. Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиевтың айтуынша,  осы тапсырманы жүзеге  асыру үшін Үкімет жаңа «Халықтық IPО» бағдарламасын жасамақ.  «Самұрық-Қазынада»  қор құрамындағы компаниялар жаңа бағдарламаға қатыса ма, жоқ па деген сауалға нақты жауап бере алмады. 

2020 жылғы 29 желтоқсанда Үкімет жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы нақтыланған қаулы қабылдады. Қордың портфельдік компаниялары арасында IPO арқылы жекешелендіруге  «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Эйр Астана» АҚ шығарылмақ. «Қазпочта» мен «Самұрық-Энерго» қай тәсілмен сатылатыны әзірге нақтыланбаған. Олар не  IPO-ға шығарылады немесе  стратегиялық инвесторға сатылады.

 Жоғарыда аты аталған компаниялар 2011 жылы  алғашқы «Халықтық IPO» бағдарламасы  аясында жекешелендіру тізіміне енгізілген еді.  Алайда, оларды сату жоспары нарықтағы қолайсыз жағдай мен басқа да себептерге байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылды. 
Бөлшек саудаға басымдық беру керек

2018-2020 жылдары «ҚазАтомӨнеркәсіп»  Ұлттық атом компаниясы акцияларының 25 пайызы  Лондон қор биржасы (LSE)  мен АХҚО биржасына (AIX) орналастырылды. Алайда осы сауда- саттық  шеңберінде бағалы қағаздар тек институционалды инвесторларға ұсынылды. Жеке тұлғаларға шағын пакетті былтыр  маусым айында, екінші SPO барысында ғана сатып алу мүмкіндігі берілді (жалпы  саудаға шығарылған акциялардың 2,4%-ы) Жазылым кезінде бөлшек саудадағы сұраныс ұсыныстан үш есе асып түсті.

Нәтижесінде қазақстандық жеке  инвесторлар өздерін шет қалғандай сезінді. Былтыр қазан айында «Қазақстан миноритарлық инвесторлар қауымдастығы» (QAMS) Ұлттық экономика министрлігіне, «Самұрық-Қазына» қорына және ҚР Қаржы министрлігіне 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарын дайындау кезінде ішкі нарық инвесторларының мүдесін ескеру жөніндегі өтініштерін жолдады.  Басқаша айтқанда, бұдан кейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ компаниялары акцияларын орналастыру кезінде қазақстандық алаңдарға басымдық берілуі тиіс.

Қауымдастық өкілдерінің айтуынша,  мұндай тәсіл free float көлемін арттыру арқылы еліміздің бағалы қағаздар нарығы өтімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік берер еді.
«Егер біз шынымен де қор нарығын дамытып, корпоративтік сектор ашықтығын арттырғымыз келсе, онда «Самұрық-Қазына» сатудан түсетін табысты барынша арттырудан гөрі, жекешелендіру процесінде басқа да басымдықтар қоюы керек шығар» дейді QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев. 

«Халықтық IPO» деген не? 

«Халықтық IPO» бағдарламасы 2011 жылы қабылданып,  2011-2022 жылдар аралығында жүзеге асуы тиіс еді. Бұл бағдарламаның мақсаты  – Қазақстан азаматтарына жетекші ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін беру болатын. «Халықтық IPO» деп аталуы да тегін емес еді: ұлттық компаниялардың сатылымға шығарылатын  акциялар пакеті жеке тұлғаларға – Қазақстан азаматтарына ұсынылды.

Бағдарлама шеңберінде биржаға «ҚазТрансОйл»,  KEGOC, «Эйр Астана», «ҚазМұнайГаз» сынды 10 ірі мемлекеттік кәсіпорын акцияларын шығару жоспарланған. Нәтижесінде бағдарлама аясында нарыққа тек екі компания – «ҚазТрансОйл» құбыр операторы мен  Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық желісі жүйелік операторы –KEGOC шықты.

«ҚазТрансОйл» (KZTO) 2012 жылы IPO барысында 38 миллионнан астам акция орналастырды, бұл – жарғылық капиталдың 10%-на тең. Акциялар жеке тұлғалар мен зейнетақы қорларына ұсынылды.  Жазылым барысында сұраныс ұсыныстан екі есе асып түсті. Жеке тұлғалар 22 млрд теңгеден астам сомаға акция сатып алса, (орналастырылған қағаздардың 79%), 5,7 млрд теңгеге – ЖЗҚ (20,4%) және маркетмейкер 157 млн теңгеге (0,5%) сатып алды. 2012 жылы  «Асыл Инвест» инвестициялық компаниясы «Халықтық IPO-ның» алғашқы кезеңінде 10 мыңнан астам клиенттік шот ашқан.

«ҚазТрансОйл» акцияларының бағасы биржаға орналастырылған соң, құбыла бастады. Бағалы қағаздың бір данасы, алғашқы сауда-саттық күнінде-ақ,  725-тен 820 теңгеге, яғни 13 пайызға қымбаттады.  Одан кейінгі жылдары да акция бағасы бір қымбаттап, бір арзандады. 2014 жылдың желтоқсан айында  бір акция 612 теңге тұрса, 2018 жылдың мамыр айында 1500 теңгеге дейін қымбаттады. Жалпы, IPO-ға шыққан сәттен бастап, компания акциялары 37%-ға қымбаттап, 992,79 теңгеге жетті. Сонымен қатар, акционерлер дивиденд алып отыр. «ҚазТрансОйл» – KASE өкілдік тізіміндегі тұрақты  түрде дивиденд төлейтін аздаған эмитенттердің бірі. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, компанияның free float IPO-ға шыққан кезіндегідей, 10%-ды құрады.

KEGOC  компаниясының 2014 жылдың соңында өткен IPO-сы да табысты болды. Жазылым барысында компания қағаздарына деген сұраныс 16,7 млрд теңгені құрады, бұл орналастырылған акция көлемінен 1,3 есе артық (13,13 млрд теңге). Орналастыру нәтижесі бойынша жеке тұлғалар шотына 9,474 млрд теңге, БЖЗҚ шотына – 3,454 млрд теңге (26,3%) сомасындағы бағалы қағаздар түсіп, маркетмейкер 202 млн теңгеге (1,5%) акция сатып алды.

 Жеке инвесторлар өтінімінің жартысына жуығы «Фридом Финанс» АҚ арқылы берілген. (2,428 млрд теңгеге 18 787 өтінім). Тағы 8% өтінімді (771 млн теңгеге 702 өтінім) «Асыл Инвест» АҚ қамтамасыз еткен,  бұл компания кейін «Фридом Финанс» АҚ құрамына кірді. «Халықтық IPO»  барысында брокер 23 мыңнан астам жеке тұлға шотын ашқан. Бұл –  жеке тұлғалардың 2012 жыл басындағы орталық депозитарийде ашылған бүкіл шотының жартысынан көп. Бұған дейін бірде-бір брокер қазақстандық нарықта осыншама  жеке инвестор тартқан емес. 

IPO өткен сәттен бастап KEGOC акциялары үш есе қымбаттап, бір данасының бағасы 505 теңгеден 1689 теңгеге дейін өсті. Акцияға шаққандағы дивиденд көлемі де артты: 2014 жылғы 33,13 теңгеден  – 2019 жылы 116,03 теңгеге жетті. 

2015 жылдың желтоқсанында Freedom Holding Corp. СЕО-сы Тимур Турлов: «Біз үшін «Халықтық IPO» –  мемлекеттің қор нарығын дамыту үшін жасаған ең жақсы бастамасы.  Біз бұл бағдарламаны дамытуға, ілгерілетуға қаржы салдық, алдағы уақытта осы ісімізді жалғастыра береміз. Клиенттердің «Халықтық IPO-ға» қатысуы  – тек алғашқы қадам, қор нарығымен танысуы ғана. Біз клиенттерімізді  жолда қалдырмаймыз,  олармен әрі қарай да жұмыс істейміз: қазақстандық, сондай-ақ америкалық және ресейлік нарықта сауда жасау идеяларын ұсынамыз» деді. 

Қазақстан қор нарығы бөлшек инвесторлар базасын айтарлықтай кеңейтуге міндетті. 2012 жылдан  2015 жылға дейін Орталық депозитарийдегі жеке тұлғалар шотының саны  – 2,5 есе,  105 516-ға дейін өсті. Одан кейінгі жылдары өсім баяулады. Соңғы 6 жылда ашылған шот саны 26 пайыз ғана артқан,  қазір 132 861 шот бар. Алайда KASE деректері бойынша 4629, яғни, барлық шоттардың тек 3,5 пайызы белсенді. 

Нарықты қолдау

Алғашқы «Халықтық IPO»  бағдарламасының мақсаты – қазақстандықтарға ірі отандық компания акцияларын сатып алуға мүмкіндік беру. «Фридом Финанс» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Түсіп Нүкеновтың пікірінше, бұл мақсат «Халықтық IPO-ның» жаңа кезеңінде де өзекті.

«Қор нарығына қатысатын Қазақстан азаматтарының қатары сирек. Отандық нарықтағы белсенділіктің артуына серпін беретін бірнеше фактор бар: қаржылық сауатты арттыру, халық арасында қор нарығына деген сенімді өсіру,  бағалы қағаздар ассортиментін көбейту, листингтік бағалы қағаздар арасында өтімділікті арттыру. Бұның бәріне «Халықтық IPO» бағдарламасы ықпал етер еді»  деп есептейді Нүкенов.

Қазақстан қор биржасының (KASE) өкілдері отандық қор нарығына жаңа «Халықтық IPO-ның» әсері 2012-2014 жылдармен салыстырғанда әлеқайда жоғары болады деп  пайымдайды. Бұған бірқатар себеп бар.

Біріншіден, 2020 жылы реттеуші қазақстандық бағалы қағаздар нарығын өзгертетін шаралар кешенін таныстырды.

«Соның ішінде банктердің бағалы қағаз нарығында брокерлік қызмет көрсетуіне рұқсат беруі қосымша мүмкіндіктерге жол ашты. Көршілес Ресей тәжірибесі көрсетіп отырғандай, банктердің халыққа кешенді қызмет көрсетуі жеке тұлғалардың соңғы жылдары қор нарығындағы белсенділігінің күрт өсуіне ықпал етті» деді KASE өкілдері. 

Басқа  да инновациялар, айталық,  брокерлік шотты қашықтан ашу мүмкіндігі, ПИФ бойынша салық салу жүйесін өзгерту, Пифтер саудасын ырықтандыру қадамдары отандық бағалы қағаз нарығының мүмкіндіктерін едәуір арттырып,  оны тартымды ете түседі.

Екіншіден, пандемия әсерінен нарықтағы қызметтерді цифрландыру деңгейі айтарлықтай өсті, инвестициялау саласында жеке тұлғалар үшін инновациялық және сапалы шешімдер пайда болды.

Сондай-ақ халықтың қаржылық сауаты да артып келеді. «2020 жылы өсіп келе жатқан нарық әсерінен инвестиция салуға қызығушылық артып келеді.  Бұл сұраныс негізінен шетелдік компанияларға инвестиция салу ұсынысына сәйкес келеді. Нарықта тұрақты бизнесі бар ірі отандық компаниялар тапшы және олардың  өор нарығына келуін инвесторлар оң  қабылдар еді» – деп санайды KASE мамандары.

Бағалы қағаздарға деген сұраныстың өсуіне нарыққа қазақстандықтардың зейнетақы жинақғының шығуы да ықпал ететін болады.

«Халықтық IPO» бағдарламасы арқылы өз саласындағы неғұрлым ірі және танымал, қазірдің өзінде табысты, өз салымшыларына дивиденд төлей алатын компанияларды орналастыру қажет» деп есептейді Тусуп Нүкенов.

«Мен «Эйр Астана», «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Энерго» сынды компанияларды атап өткім келеді. Кез-келген елдің қор нарығын  сәтті дамытудың кепілі –  шетелдік инвестордың жинақталуы, олардың саны неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы болады. Бірақ шетелдік инвестор біздің нарыққа назар аударуы үшін  ол дамыған және өтімділігі жоғары болуы тиіс» деді Нүкенов. 

Данияр Темірбаев IPO-ға жария мәртебесі неғұрлым дайындалған, оның ішінде бар ақпараты ашық, сондай-ақ болашақта шетелдік инвесторлар үшін қызықты болар компанияларды шығару керек дегенімен,  нақты  үміткерлердің атын атауға қиналды.

«Кейінге қалдыру уақытын ескерсек, ең құрығанда бір IPO өтсе, бұл «Самұрық-Қазына» үшін  жоқтан жақсы»  дейді  QAMS атқарушы директоры. 
 

 
Сондай-ақ оқыңыз