Онлайн оқу: олқы ма, оңтайлы ма?

Жарияланды
Биыл қыркүйектен бастап қазақстандық оқушылар дәстүрлі форматқа ауысты

2020 жылы басталған коронавирус пандемиясына байланысты білім беру мекемелерінің барлығы дерлік онлайн оқу форматына ауысқан еді. Алайда бұл тәсіл оқушыға да, мұғалімге де ауыр тиді. Шыны керек, Қазақстан қашықтан білім беру жүйесіне әлі дайын болмай шықты. Бұл сөзімізді кез келген студент, не педагог растап бере алады. 

Қазақстан оқушылары 11 ай бойы онлайн оқу форматында болыпты. Бұл жағынан біздің ел Еуропа мен ЕАЭО елдерін де артта қалдырады. ЮНЕСКО мәліметі бойынша COVID-19 пандемиясы білім саласына тарихта болмаған тоқырау әкеліп, соның салдарынан 190 елдегі 1,6 млрд оқушы қиындыққа тап болған. Оқушылар мен студенттердің әлемдік контингентінің 94 пайызында мектептер мен өзге де білім ордаларының жабылу орын алған. Табысы жоғары елдерде қашықтан білім беру жүйесі оқушылардың 80-85 пайызын қамтыса, бұл көрсеткіш табысы төмен елдерде 50 пайыздан да аз. Әрине, бұл бірінші ретте цифрландыру көрсеткішінің төмен деңгейімен байланысты болса керек. Кедей елдерде интернетке қолжетімділік те нашар ахуалда екені белгілі. Сондықтан ондай елдер интернеттің орнына көп жағдайда телеарна мен радиоларды пайдалануға мәжбүр болды. 

Орталық Азия мен ЕАЭО және Еуропаның кейбір елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы коронавирус ахуалы мектептердің жағдайына ауыр тиген. Біздің елдегі мектептер тұп-тура 11 ай, 3 апта жабық болды, соның ішінде екі жарым ай – толықтай жабық болса, 8 ай және 3 апта – ішінара жұмыс істеді. Қашықтан білім беруге байланысты инфрақұрылымға да едәуір салмақ түсті. Мысалы, Қырғызстанда мектептер 6 айдан астам уақыт қана жабық тұрса, Ресей, Армения, Өзбекстанда үш ай мөлшерінде ғана жұмыс істемеді. Ал коронавирусті мойындамаған Түрікменстан, Тәжікстан және Беларусь сияқты елдерде мектептер мүлде жабылған жоқ, сондықтан қашықтан білім беру форматы да енгізілмеді. Еуропа елдері туралы айтар болсақ, мектептің ең ұзақ уақытқа жабылуы Польшада тіркелген: 10 ай, 3 апта. Сондай-ақ Германияда: 9 айдан астам уақыт. Алайда қазақстандық оқушылар еуропалық оқушыларға қарағанда «онлайн форматта» ұзағырақ болған. 

Үкімет ұсынған ресми дерек бойынша елімізде қашықтан білім беру жүйесінің ұзаққа созылуы – елдегі интернет қамтылу деңгейінің жоғары көрсеткішімен байланысты. Біраз уақыт бұрын премьер-министр Асқар Мамин Қазақстанның 98,3 пайыз деңгейінде интернетпен қамтамасыз етілгенін айтқан болатын. Республикада негізінен мобилді интернет пайдаланылады. Маусым айының соңындағы жағдай бойынша елде ұялы байланыс жүйесінің 16 млн абоненті бар. Қазір елде 3 ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Олар елдегі интернет қолжетімділік деңгейіне тікелей әсер етіп отыр. Кең ауқымды абоненттік база –  Beeline компаниясында: 9,6 млн абонент немесе бүкіл халықтың 40 пайызы. Пандемия уақыты кезінде Beeline желісіндегі трафик көлемі 63 пайызға өсім көрсеткен, 2020 жылы әр пайдаланушы орта есеппен 11,9 Гб трафик жүктеп алған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары. Екінші орында – 8 млн абонентпен Kcell компаниясы, ал үштікті 6,5 млн абоненті бар Tele2/Altel түйіндейді. 

Ranking порталының жазуынша, қазақстандық оқушылардың 11 ай бойы қашықтан білім алуына ұялы байланыс операторлары, интернет-провайдерлердің жұмысы жақсы әсер еткен. Оның үстіне елдегі интернет сапасы да жыл санап артып келеді. Мәселен, Beeline жоғары жылдамдықтағы 4G желісінің күшін 79 пайызға дейін күшейткен. 

«Жалпы алғанда интернет сапасын қазіргіден де жақсарту және әлемдік желіге деген қолжетімділікті арттыру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін кең ауқымды инвестиция қажет. Екінші жыл қатарынан ақпарат және байланыс саласына бағытталған капиталдық салымдар өсімін байқауға болады. Бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша көрсеткіш бір жылда 53,1 пайызға, 60,5 млрд теңгеге дейін өскен. Ұялы байланыс операторлары бөлінісінде ең көп капиталдық шығын – Beeline компаниясында: 20,7 млрд теңге» деп жазады Ranking. 

Beeline компаниясының басшысы Евгений Настрадиннің айтуынша, нарықта жаңа ойыншылардың пайда болуы да – елдегі интернет сапасының жақсаруы үшін жеткіліксіз фактор. 

«Біз әркез телеком-нарықта салауатты бәсекелестіктің орнауын жақтаймыз. Бәрінен бұрын бұл жерде қазақстандықтар ұтады – операторлар бәсекеге түсе нарықта қызықты ұсыныстар да көбейеді. Бірақ біз байланыс сапасын күшейту, қамту аймақтарын кеңейту және интернет жылдамдығын жоғарылату туралы айтар болсақ – онда оператор санын көбейту де көмектеспейді. Интернет сапасына әсер ететін екі фактор бар. Олар – жиілік және базалық станциялар орналасқан локациялар саны. Мысалы, 2G байланысты жиіліктің төменгі диапазонында жұмыс істейді, ал 3G мен 4G – әлдеқайда жоғары жиілікті қажет етеді. Жиілік саны шектеулі – оның бәрін мемлекет байланыс операторлары, әскерилер, авация, тағы да басқалардың арасында үлестіріп берген. Бос жиіліктің жетіспеуі саланы дамытуға үлкен кедергі болып тұр. Жиілік қазіргі қалпында қалып, бірақ нарықта ойыншылардың көбеюі – сигнал сапасының артуына көмектеспейді дегенім содан» дейді ол. 
 

Сондай-ақ оқыңыз