Қапты ысырып қойып, бетперде тіге бастады

Жарияланды
Павлодар қаласындағы «Нефтехим LTD» компаниясы осы істі қолға алды

Бұған дейін салмағы бір тоннадан астатын жүкке арналған үлкен қап тіккен «Нефтехим LTD» ЖШС енді негізгі жұмысты сәл кейінге шегеріп, бетперде тігуге көшті. Кәсіпорынның тігін учаскесінің шебері Жанар Диярованың айтуынша, мұнда тәулігіне шамамен 16 мың бетперде дайындалатын болады. 

«Елдегі соңғы ахуалға байланысты біздің компания да бетперде тігуге кірісті. Дайын үлгілерді «Мерусар и К» кәсіпорнынан аламыз. Бұл жұмыспен әрқайсысы 20 адамнан құрылған,  төрт ауысыммен жұмыс істейтін тігіншілер тобы айналысады. Әр тігінші бір ауысымда 800 бетперде тігіп шығарады деп жоспарланып отыр», – дейді Жанар Диярова. 

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов «Нефтехим LTD» кәсіпорнының бұл іске араласуы нәтижесінде аймақта тәулігіне барлығы 25-30 мың дана бетперде дайындалып жатқанын атап өтті. «Мерусар и К» фабрикасындағы істен шыққан қондырғының бөлшектері жеткізілген соң тәулігіне 40 мың медициналық қорғаныс құралы тігіледі. 

«Дәріханалармен әр бетперденің бағасын 60-70 теңге көлемінде ұстап, бір адамға 5-10 данасынан артық сатпау туралы алдын ала келісімдер жасалды», – деді Сәкен Шаяхметов. 

Сонымен қатар, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында дезинфекциялық өнімдер шығаратын «БО-НА» ЖШС өнімділікті үш есеге дейін арттырды. Айталық, бұған дейін мұнда күніне 300 келі хлорлы таблеткалар дайындалса, енді оның жалпы көлемі 900 келіден асты. Аталмыш компанияның өнімдері бірінші кезекте жергілікті нарыққа жеткізіледі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз