Қалай сабын қайнатып, кәсіп бастауға болады?

Жарияланды
Екібастұз тұрғындары қолға алған іс

Екібастұз қаласының тұрғыны Талғат Ерекеев алдағы уақытта кір сабын шығаруды өндірістік деңгейде жолға қоймақшы. Істі қолға алғанына көп болмаса да, тірлігі ақырындап алға жылжып келеді. Сабын қайнату ісі – ежелден келе жатқан кәсіп. Сондықтан дүкенде толып тұрған тауарды шығаруды қолға алу – тәуекелі үлкен шаруа еді. Тек жоғары сапа және төмен бағамен ұта алады.  

Осы ретте кәсіпкер, әпкесі Базаркүл Адаева мен жездесі Тимурға өз идесы мен есеп-қисабын көрсеткенде, тек сапаға сенім артқан. Нәтижесінде, тәуекелге бел буады. 

Ал құрал-жабдыққа, ғимаратты жалға алуға, шикізатқа қажетті қаржыны қайдан алды? Базаргүл Адаеваның айтуынша, олар алдымен 3 миллион теңге грант алуға талпынған. 

«Екібастұзда бұл грантты иеленгісі келгендердің саны 27 болды, олардың барлығы комиссияға өз жобаларын өткізді. Біз де бизнес-жоспарымызды өткізіп, бағымызды сынап көрдік. Тек бір жоба ғана грантқа ие болды. Бұл аса әділетті емесдеп ойлаймын», – дейді Базаргүл Адаева. 

Ақыр соңында көліктерін сатып, оған өздері жинаған қаржыны қосады. Осылайша 5 млн теңгедей қаржы жиналады. Бұл ақшаға Түркістаннан май ерітетін пеш, қазан, еріген май құятын ыдыс, сабын кесетін құрал және штамптық аппарат сынды қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Ал жездесі Тимур Адаев сол жақта сабын қайнатудың қыр-сырын меңгеріп қайтып, қазір кәсіпорынның технологы қызметін атқарып жүр. Шағын зауытқа қажетті ғимаратты жалға алып, 5 адамды жұмыспен қамтиды. 

Келесі қадам – шикізат жеткізуді жолға қою. Өндіріске қажетті негізгі шикізат – өсімдік және мал майы. Өсімдік майын табу қиынға соқпады: тамақ өнеркәсібінде сұйық май пайдаланатын жергілікті өндірушілерді аралап шыққан. Шындығында, жергілікті бизнес пайдаланылған тауарға сұраныс пайда бола салысымен, оның бағасын литріне 60 теңгеден деп, күрт өсіріп жіберіпті.

Отбасылық бизнесте бір өзі есепші, кеңсе менеджері және PR-менеджер қызметін қатар алып жүрген Базаркүл ханымның айтуынша, ол қолданылған тауар болғандықтан, құны қымбаттау болып тұр. Ал мал майына келер болсақ, жергілікті ірі шаруа қожалықтарымен жүргізілген келіссөз сәтсіз болды. Нәтижесінде шикізат Омск қаласынан тасымалданады. Тасымал құнын есепке алған күннің өзінде, ол жергілікті өндіруші шкізатынан арзанға түскен. 

Тұрмыстық химия саласындағы көптеген жаңалықтарға қарамастан, кір сабын сұранысқа ие болып, тұтынушы әрқашан табылады. Өндіріс биыл қаңтар айында іске қосылып, айына 30 мың сабын шығарудан бастаған. Жоба енді қолға алынған кезде,  бөлшек сауда бизнесті дамытуға қажетті серпін бермейтінін түсініп, кәсіпкерлер ірі  тұтынушы табуға бел буады. Бұл үшін тендерге қатысу керек.

Екібастұздықтар Қазақстандағы кір сабын өндіретін жалғыз өндіруші емес,  сондықтан Қарағанды мен шымкенттік әріптестерімен бәсекелесуге тура келеді. Алайда, Базаргүл Адаеваның айтуынша, бұл нарық аса тар емес. Жаңа істі қолға алған кәсіпкерлер де өз тұтынушыларын тапқан, олар: жергілікті балабақшалар, аурухана мен түзеу мекемелері. Тұтынушыға тауарды өздері жеткізіп береді. Жақында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ құрамындағы кәсіпорынның біріне сабын жеткізу туралы келісім-шартқа отырған. Алайда тендердің де өз кемшілігі бар. 

«Мәселе мынада, өнімді жеткізгеніңмен, оның ақысын 1 ай, тіпті оданда ұзақ уақыт күтуіңе тура келеді. Былай қарасаң тауар сатылған, ақша бар секілді, бірақ есепшотың бос. Бұл – мемлекеттік тендердің ең басты кемшілігі. Ал егер жекізуші алда-жалда кешігіп қалса, бірден өсімпұл жүреді», – дейді кәсіпкер. 

Кәсіпорын алдағы уақытта өндірістік қуатты айына 100 мың сабынға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Бұл үшін қосымша құрал-жабдық сатып алу керек, оған қажетті қаржыны несиеге алуға тура келеді. Қажетті құжаттарды рәсімдеуге көп уақыт кетті, өйткені қаржы ұйымы кепілзат талап етеді. Ал қолда бар құрал-жабдық аса қымбат емес, кәсіпорын тұрған ғимарат жалға алынған. Сондықтан банк қарызды мақұлдауы үшін, біраз жүгіруге тура келген. Кәсіпкерлер жақын арада келісім-шартқа қол қоятын шығармыз деп үміттеніп отыр. Келісімге қол қойылса, жоспарда жергілікті супермаркеттермен келісіп, сұйық сабын мен «Белизна» шығару тұр.

Сондай-ақ оқыңыз