Шетелдік инвесторларды Қазақстандағы қай сала қызықтырады?

Жарияланды
Cоңғы 30 жылда елімізге 360 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды

Қазақстандағы инвестициялық ахуал жайлы «KAZAKH INVEST» Ұлттық Компаниясының Басқарушы Директоры Жандос Темірғалимен әңгімелестік. 

25bc7598-eb34-47a0-93df-0082d68114c0.JPG

– Қазіргі сәттегі Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын қалай бағалайсыз?  

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Халықаралық инвестициялық қоғамдастық тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық айтарлықтай жоғары деңгейде сақталып отыр. Біріншіден, бұл энергия көздерінен бастап әртүрлі металл кендеріне дейінгі табиғи ресурстардың үлкен көлеміне байланысты болса, екінші маңызды фактор – Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық географиялық орналасуы. Қазақстан жылдам өсіп келе жатқан нарықтарды (әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 65 пайызы), атап айтқанда автомобиль және теміржол дәліздері арқылы Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияны, Каспийдегі порттары арқылы Еуропа мен Таяу Шығысты байланыстырады. Теңізге қарағанда трансконтиненталдық бағыттар жүкті Қытай шекарасынан Еуропаға  (45-60 күн) 3-4 есе жылдам (темір жолмен 15 күн, автобанмен 10 күн) жеткізеді. 

– Географиялық тұрғыда Қазақстанның инвесторлар үшін аса жағымды ел екенін түсіндік. Ал заңдық тұрғыда Қазақстан оларға қаншалықты қолайлы?

– Бізде «Тікелей инвестицияларды мемлекеттік қолдау туралы» және «Инвестициялар туралы» заң қабылданды. Осы заңнамалық база тікелей мемлекеттік қолдау көрсету әдістерін, жеңілдіктер мен преференциялар жүйесін белгілеп, инвестициялар үшін кепілдіктерді, саяси тәуекелдерден сақтандыруды қамтамасыз етеді. 
2021 жылдың басында инвесторларды қолдаудың жаңа құралы – инвестициялар туралы келісім енгізілді. Қазақстан экономикасына 50 млн доллардан артық инвестиция салатын инвесторлар корпоративтік табыс, мүлік, жер салығына, сондай-ақ, егер жоба арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын болса, қосылған құн салығына қатысты салық каникулдарын ала алады. Салық демалысынан басқа, мемлекет инвесторларға құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарды сатып алу құнының 20 пайызына дейін өтеп береді. Қазақстан қазір дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде 25-орында. Ұлттық банк дерегі бойынша соңғы 30 жылда елімізге 360 млрд доллардан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды. Тікелей шетел инвестициясының көлемі 2025 жылға таман ЖІӨ-нің 30 пайызын құрап, 24,1 млрд-тан 34 млрд долларға жетуі тиіс. 

– Жергілікті атқарушы орган басшылары инвестор мен оны тартып отырған кәсіпкерден пайда көріп қалуды ойлап, мемлекет мүддесінен жеке мүддесін биік қоятын сияқты. Мұндай қиындықпен күрес жүргізіліп жатыр ма?

– Кәсіпкерге нақты шешім қабылдау үшін елдің мүмкіндіктерін, заңнамалық базаны, мемлекеттік қолдау шараларын және басқа да ерекшеліктерді зерттеуге көп уақыт қажет. Егер осы кезеңде қандай да бір аспектілер сәйкес келмесе, онда инвестициялық жоба жүзеге аспайды. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанда «бір терезе» қағидаты бойынша инвесторлармен өзара іс-қимыл қағидалары бекітілді. Инвесторлармен өзара іс-қимыл тетігі үш деңгейден тұрады: 

– сыртқы (ҚР шетелдегі мекемелері)
– орталық (орталық мемлекеттік орган) 
– өңірлік (жергілікті атқарушы орган)

«KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қызметті қолдау бойынша бірыңғай оператор және ел үкіметі атынан шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізуге уәкілетті мекеме болып белгіленді. Біз елдің инвестициялық мүмкіндіктері бойынша ақпарат беру, мемлекеттік қызметтерді алу, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді шешуге жәрдемдесу бөлігінде инвесторлар үшін бірыңғай байланыс тұлғасы ретінде жұмыс істеп жатырмыз. Барлық өңірде біздің компанияның өкілдері бар. Олар жергілікті билікпен тығыз байланыс жасай отырып, жобаларды табысты іске асыру мақсатында жедел режимде жергілікті деңгейдегі түрлі проблемаларды шешеді.

– Қазір елімізде қай сала инвестицияға мұқтаж болып отыр? Қай салаға инвесторлар көбірек қызығады?

– Соңғы жылдары агро-өнеркәсіп кешені (АӨК), жаңартылатын энергетика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) және туризм секторларына қызығушылық артып келеді. Қазір қуаттылығы 1260 МВт-ға жететін 97 жаңартылатын энергия нысандарынан бөлек құны 930 млн доллар болатын 15 жоба жүзеге асып жатыр. 2019 жылы жаңартылатын энергия көздерінің қуаттылығы екі есе артты. Германия, Қытай және Италия елдерінен келген инвесторлар 405 млн доллар болатын 6 жобаны қолға алды. 

«KAZAKH INVEST» қолдауымен 112 жоба, оның ішінде АӨК саласында құны 2 млрд доллардан астам болатын 16 жоба, жаңартылатын энергия көздері саласында құны 930 млн доллар болатын 15 жоба, АКТ саласында құны 450 млн доллар болатын 5 жоба, денсаулық сақтау және фармацевтика саласында 518 млн долларға бағаланған 4 жоба жүзеге асып жатыр. Ресейлік «Динатрон» компаниясы ШҚО-дағы Ертіс химия-металлургия зауытына инвестиция салды. Біршама кен орындарын реконструкциялауды аяқтап, өндірісті жетілдірді. Соның арқасында сирек кездесетін металл – титан мен ниобияны мейлінше тереңірек өңдеу мүмкін болып жатыр. Ал LindeGas компаниясы (Германия) газ өндіретін екінші зауыттың құрылысын тәмамдады. Дәл пандемия кезінде ондай өндірістің пайдалануға берілуі экономикамыз үшін оң құбылыс. 

– Жемқорлық фактісіне байланысты немесе басқалай себеппен Қазақстанға инвестиция салудан бас тарту жағдайлары кездесе ме?

– Егер инвестор сыбайлас жемқорлық және басқа да құқыққа қарсы іс-әрекет фактілерімен бетпе-бет кездессе, бұл туралы уәкілетті органдарға және бізге хабар беруіне болады. «KAZAKH INVEST» базасында инвестициялық омбудсмен кеңсесі жұмыс істейді. Біз инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде құқық бұзушылықтарға қарсы күрес бөлігінде Бас прокуратурамен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен арнайы келісімдер жасастық. Мысалы, соңғы кейстердің бірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесіп Жамбыл облысында жалпы сомасы 24,8 млн теңгеге шетелдік инвестордың шикізатқа мүлік құқықтарының бұзылмауына көмектестік. Көрсетілген ақпараттық-консультациялық қолдау нәтижесінде сот істің барлық мән-жайын қарап, инвестордың пайдасына шешім шығарды.

– Қарапайым кәсіпкер мемлекеттен келісім алмай-ақ инвестор әкеле ала ма? Инвесторды алып келгеннен кейін құқықтық-құжаттық процедураларды жеңілдету бойынша жоспарларыңыз бар ма?

– Әрине, әкеле алады. Негізінде солай болуы керек. Инвестиция тарту негізінен жеке кәсіпкерлік бастама арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекет заңнамалық және институционалдық база, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың түрлі қаржылық және қаржылық емес шаралары түріндегі табысты қызмет үшін оңтайлы орта ұсынуға тиіс. 
Менің ойымша, Қазақстан халықаралық корпорациялардың бизнесті табысты жүргізуге мүмкіндік беретін орта болып қана қоймай, өз азаматтарының да жеңілдік алуына жол ашуы қажет. Инвестиция экономиканы дамытады, жаңа жұмыс орындарын ашады, бюджетке жаңа технологиялар мен салықтар әкеледі. Сонымен бірге, еліміздің болашағы үшін жауап беретін отандық бизнесті дамыту маңызды. «KAZAKH INVEST» базасында қолданыстағы инвестициялық жобаларды қолдаумен ғана емес, сонымен қатар жаңа жобаларды әзірлеу және құрылымдаумен де айналысатын жобалық кеңсе бар екенін атап өткім келеді. Шетелден стратегиялық инвесторларды тарта отырып, өз жобаларын дамытуда отандық кәсіпкерлердің бізден қолдау сұрауы өте маңызды.

Пандемия жағдайында цифрландыру және қызметтердің әр түрін, соның ішінде мемлекеттік қызметтерді қашықтан ұсынуға көшу мәселесі ерекше назарда. Сыртқы істер министрлігі инвестициялық преференцияларды алу бойынша мемлекеттік қызметті алуды онлайн форматқа көшірді. Қызмет elicense.kz порталы арқылы ұсынылады. Инвестор үйден шықпай-ақ заттай грант және кедендік преференция алуға инвестициялық келісімшарт, салық және кеден жеңілдіктерін көздейтін инвестициялық басымдыққа ие келісімшарт жасай алады. Соның арқасында инвестор мемлекеттік органдарға баруға аз уақыт жұмсайды. Уәкілетті органдармен де байланыс барынша азаяды: бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді. Қызмет көрсету мерзімін 35-тен 27 жұмыс күніне дейін қысқарттық. Мұндай сервистердің болуы және рәсімдерді оңайлатуы Қазақстанның инвесторлар алдындағы бәсекелестік деңгейін өсіре түседі деп санаймын. 
 

Сондай-ақ оқыңыз