Қазақстан Doing Business рейтингінде Исландияны артқа тастады

Жарияланды
190 елдің арасында 25-орынды иеленген

Дүниежүзілік банк «Doing Business» бизнес жүргізудің жеңілдігі жөніндегі рейтингте Қазақстанның орнын 3 сатыға – 28-ден 25-ке дейін көтерді деп хабарлайды Primeminister.kz сайты. 

«Doing Business» рейтингіндегі Қазақстан орнын өсіру Үкіметтің қолданыстағы заңнаманы реформалау, рұқсат беру жүйесін жетілдіру, бизнес ашу рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін оңтайландыру және еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі атқарылып жатқан жүйелі жұмысының арқасында мүмкін болды.

Дүниежүзілік банк жыл сайын бизнесті жүргізу жағдайларының қолайлылығы бойынша 190 мемлекеттің рейтингін жариялайды. Талдау 10 көрсеткіш бойынша жүргізіледі, оның ішінде, жаңа бизнесті құруға жұмсалатын уақыт және ақшалай қаражат шығындары, құрылысқа рұқсат алу, электр энергетикасы инфрақұрылымына қолжетімділік, меншік құқығын тіркеу, несиелер алу, миноритарлық инвесторлардың құқықтарын қорғау, салық салу, халықаралық сауданы жүзеге асыру т.б. бар. 

Қазақстан аталмыш рейтингте Исландия (26 орын), Австрия (27 орын), Ресей (28 орын), Жапония (29 орын), Испания (30 орын), Армения (47 орын), Беларусь (49 орын), Қырғызстан (80 орын) сияқты және көптеген басқа елдердің алдына шығып 25-орынға табан тіреді..
Doing Business рейтингіндегі көшбасшылар – Жаңа Зеландия, Сингапур және Гонконг.

Сондай-ақ оқыңыз